Мемлекет басшысы «Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек» деген сөзімен-ақ Жасампаздық пен Жаңашылдық құндылығының не үшін қажет екенін және оның мәні мен маңызын айқын әрі дәл анықтап берді.
Түркістан облысында жасампаздық және прогрестілік түрлі бағытта қарқынды дамып келеді. Атап айтсақ, білім саласында, соның ішінде оқушылар арасында жасампаздық пен жаңашылдыққа қол жеткізуге мүмкіндіктер жасалуда.
Қазығұрт ауданынан шыққан көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 300-ден астам бала Төлеби ауданында жаңадан ашылған заманауи модульді лагерьде жазғы демалысын бастап кетті. «Төлеби нұры» отбасылық үлгідегі балалар үйі жанындағы лагерь — Түркістан облысында алғашқылардың бірі болып іске қосылған ірі жоба.
Жазғы лагерь – бұл жай ғана тынығатын орын емес, тұлға қалыптастыратын тәрбие мектебі. Мұнда әрбір бала жаңа достар тауып, шығармашылық қабілетін ашады, спортта шыңдалады, көшбасшылық қасиетін дамытады. Ең бастысы – ол әлеуметтік теңдікті насихаттайтын, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіретін орта. Көшедегі қауіптен алыстатып, тәртіп пен жауапкершілікке баулиды.
Жаңадан салынған 14 модульді корпус жаз бойы жеті ауысыммен 2 мыңнан астам оқушыны қабылдайды. Әр модульді нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған: 20 балаға арналған жайлы жатын бөлмелер, жаңа жиһаздар, жеке санитарлық тораптар мен жуынатын орындар бар. Сонымен қатар, лагерь аумағында үлкен асхана, балаларға арналған бассейн, шатырлар мен ойын алаңдары қарастырылған. Балалардың бес мезгіл тамақтануы мен күн тәртібі толық бақылауда.
Лагерьдің алғашқы ауысымында дәл осы Қазығұрттық оқушылардың қабылдануы — олардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға бағытталған нақты қолдау екені сөзсіз. Балалар тек тынығып қана қоймай, түрлі мәдени, танымдық және спорттық шараларға белсенді қатысуда.
Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев балалармен кездесіп, құттықтауын жеткізді. Ол бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, модульді лагерьлердің болашағы зор екенін атап өтті.
— Бұл лагерь — балалардың демалысын тиімді өткізуге бағытталған маңызды қадам. Модульді корпустар жылдам салынып, сапалы әрі ыңғайлы болуымен ерекшеленеді. Қазығұрттық балалар үшін бұл — есте қаларлық жаз болары анық, — деді ол.
Іс-шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейісов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары М.Әшірбаев, Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Өміртай, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысының м.а. Г.Абилхасова бой көрсетті. Қос ауданның ардагерлері игілікті бастаманы жүзеге асырған азаматтарға алғыс білдіріп, баталарын берді.
Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба аясында өңірдегі 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді нысан салынуда. Нәтижесінде 7500-ден астам қосымша орын ашылып, мыңдаған оқушы сапалы тынығуға мүмкіндік алады.