Етпен бірге жем-шөп пен мал бағасы қымбаттады

Түркістан облысында шаруалар құрғақшылықтан қазірден бастап жем-шөптің қымбаттағанына шағынады. Олардың айтуынша, ет бағасының қымбаттауының бір себебі осында. Шаруалар қазір малын жаппай сатуға көшкен десе де болады. Ал базарда мал бағасы қымбаттағаны байқалған. Саудагерлер мұны ет экспортымен байланыстырады. Ал облыс әкімдігі құрғақшылық болып жатқанын жоққа шығармайды. Бірақ ет бағасының қымбаттауы мен ет экспорты мал санының азаюына ықпал етпейді деп отыр.
Бұл Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы мал базары. Мұнда әр аптаның сәрсенбі күні шаруалар малын алып келіп, саудаға салады. Әдеттегідей бұл жолы да базар малға лық толды. Уақ мал мен жылқыға қарағанда қара малдың қарасы қалың. Базарда алушылардан сатушылар көп.

Сатушылар мен алушылардың сөзіне сенсек, соңғы уақытта ірі қара малды сатушылар көбейгенімен бағасы да қымбаттаған. Бұзаудан бастап бұқаға дейін бағасын түсірмей тұр. Әсіресе бордақыланған, не пышаққа ілінетін, союға жарамды деген ірі қара қолдан қолға өтіп жатыр.

Мал бордақылаумен айналысатындар ірі қараның қымбаттауын ет бағасының өсуі мен сыртқа экспорттаудың көбейгенінен деп отыр. Әсіресе, соңғы уақытта Өзбекстаннан ет сатып алатындар саны айтардықтай артқан. Ал шаруалар бағасы қымбат кезде ірі қарасын сатып жіберу қамына кіріскен. Айтуларынша, биылғы құрғақшылық пен жем-шөптің қымбаттауы шаруаларды тығырыққа тіреп тұр.

«Малдың көтерілген себебі құрғақшылық болып жатыр. Шөп жоқ. Малдың бағасы 100-150 мыңға көтеріліп кетті негізі. Бұл халықпен байланысты тірліктер ғой. Сүт те көтеріліп кетті. Себебі жем-шөп қымбат қой. Содан көтеріледі.  Құрғақшылық болып тұр. Содан көтеріліп жатыр. Ет те, сүт те, мал да. Әлі көтеріледі.  5 мың 10 мыңға барады ет әлі».

«Малды әкеліп сатып жатырмыз. Шөптің бағасы мың теңге болып жатыр. 1500 теңге болып жатыр. Мал бағу оңай емес. Жем де қымбат. Сол енді. Мал бағу оңай емес жалпы. Бағасы да ұшып тұр қазір.
— Қаншадан болып жатыр қазір?
— 400 мың теңге деп тұрмын сиырды. 2 ай жемде тұрған».

«Биылғы жыл құрғақшылық болды. Жем-шөп қымбаттады. Соған байланысты малдың өнімі де, мал да қымбаттады. Қазір еттің келісі де, қара малдың еті де қойдың еті барлығы көтерілді. Көп адамдар ойлайды, не үшін? Не үшін болғанда басты себеп, жылдың құрғақшылығында. Жем-шөп, мүмкін алда орнына келер. Ендігі жылы жаңбыр жауып неғылса, бағалар орнына келіп қалады», дейді тұрғындар.

Түркістан облыстық әкімдігі биыл аймақта жауын аз жауып, құрғақшылық болғанын жоққа шығармайды. Ірі қара мал етінің қымбаттауы мен шетке экспорт жіберілуі мал санынын азайтпайды дейді.

«Түркістан облысында 1 миллион 180 мың бас ірі қара мал тіркелген. Биыл алғашқы 6 айда 48,2 мың тонна ірі қара мал еті өндірілді. ​Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада бойынша көш басында. Ірі қара мал етінің үлесі 80 пайызды құрайды. Өткен 6 айда 25 434 бас ірі қара мал және 15,5 мың тонна сиыр еті экспортқа шығарылды», деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігі

Ресми мәлімет бойынша, мал санының өсімі тұрақты. Сиыр етінің қымбаттауы мен экспортқа шығарылуы ірі қара мал санына айтарлықтай әсер етпеген. 2024 жылы облыста ірі қараның саны 1 миллион 140 мыңнан асқан.

Дилара Иса