Есірткі заттарын насихаттаған азамат ұсталды

фото ШӨКҚ
Шымкент қаласының прокуратурасы «Таза Қазақстан» акциясы және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстарды жалғастыруда.Аталған шаралар аясында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жалпықалалық сенбілік өткізілді.
Бұл іс-шара тек санитарлық тазалықпен шектелмей, құқық бұзушылықтарды анықтауға да бағытталды.Сенбілік барысында еріктілерден құралған «Тазалық сақшылары» есірткі заттарын жарнамалайтын жазбаларды анықтап, бұл туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлаған. Аталған ақпарат негізінде прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлері тыйым салынған мазмұндағы материалдарды таратуға қатысы бар азаматты ұстады.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
«Тазалық сақшылары» бастамасы – құқық қорғау органдарына қоғамдық қолдау көрсетудің тиімді үлгісі болып отыр.Шымкент қаласының прокуратурасы тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.