Мәслихат депутаты бірнеше жол ережесін бұзды

Бәйдібек аудандық мәслихаттың депутаты Ерғали Аманбаев жол қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзды. Заңды белшеден басқан депутатқа Шымкент қалалық полиция департаменті алты бап бойынша хаттама толтырды. Ал, құқық бұзушының көлігі айыппұл тұраққа қойылды.

Әлеуметтік желіде Лексус 570 көлігін тізгіндеген «Аманат» партиясының депутаты Ерғали Аманбаевтың видеосы тарады. Ол Шымкенттегі қала көшелерінің бірінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Яғни, жол ортасында жас баланы түсіріп кетеді. Мұнан соң, артқа қарай жүріп, видео түсіріп тұрған адамға жолығады. Ол аздай, қарсы жолаққа тоқтаған. Заңды белшеден басқан халық қалаулысының заңсыз әрекетіне қалалық департаменттің өкілдері құқықтық баға берді, бірнеше баппен хаттама толтырды.

«Тексеру нәтижесімен ол ҚР ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды: жалған тіркеу нөмірлері бар көлік құралын басқару, қарсы жолақпен қозғалыс, міндетті сақтандырудың болмауы, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, тыйым салынған орындарда кері жүру, сондай-ақ қозғалыс алдындағы сигнал беру талабын орындамау баптарымен хаттама толтырылды»

Шымкент қалалық ПД-нің баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясыТүркістан облыстық филиалының баспасөз хатшысының айтуынша, барлық адам заң алдында бірдей. Сондықтан, құқықбұзушылыққа жол берген болса, заң алдында жауапкершілігі бар дейді. Тиісті жазасын алу керек деп отыр.

Еркін Бабаев,«AMANAT» партиясыТүркістан облыстық филиалының баспасөз хатшысы: «Заң мен тәртіп қағидасымен жүруіміз керек. Қандай азамат болсын депутат мандатын иеленген болсын немесе партия мүшесі болсын бәрі заң алдында тең. Депутат мандаты ешқандай жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан бұл мәселеге байланысты құқық қорғау органдары құқықбұзушылық жасаған тұлғаға қатысты құқықтық баға береді деген ойдамыз» деді «Аманат» партиясының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі Еркін Бабаев.

Қазіргі таңда Шымкент қалалық полиция департаменті халық қалаулысы әрі құқықбұзушыға қатысты іс құжаттарын сотқа жолдады. Ол 2023 жылдан бастап Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған. Айта кету керек, жалған нөмірлерді пайдаланғаны үшін 5 тәулікке дейін қамауға алу және 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.