Шымкент қаласы – қарқынды тіршілік қайнап жатқан алып мегаполис. Осы қарбалас өмір ағынында түрлі оқиғалар да жиі орын алады. Біздің өміріміз тыныш, ал мәселелер өз шешімін табуы үшін бейінді ведомстволар ерекше белсенділікпен үйлесімді жұмыс жүргізуде.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдары мен өзге де бейінді ведомстволар бірлесе отырып жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл – құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуі мен азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуына өз ықпалын тигізіп отыр.
Жарты жылдықтағы ресми мәліметтерге сүйенсек, Шымкент қаласында жалпы қылмыс деңгейі 30 пайызға жуық азайған. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстардың тіркелуі 40 пайызға кеміген. Бұл көрсеткіш – құқық қорғау органдарының алдын алу шараларын күшейткенінің айқын дәлелі.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасында 3 329 құқық бұзушылық анықталған. Олардың қатарында түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргендер, қоғамдық тәртіпті бұзғандар және мас күйінде ұсталған жасөспірімдер бар. Бүгінде 249 бала профилактикалық есепке алынған. Сондай-ақ, 323 жеткіншек бейімдеу орталығына жеткізіліп, 138 отбасы «проблемалық отбасы» ретінде тіркеуге қойылған.
Қоғамда кең тарап жатқан тағы бір мәселе – интернет алаяқтық. Шымкентте биылғы жылы 149 интернет арқылы жасалған қылмыс тіркеліп, соның 112-сі ашылған. Қалған істер бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Қалалық полиция қызметкерлері бұл бағытта халықпен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде.
Жастармен жұмыс та ерекше назарда. Жақында Еңбекші аудандық полиция басқармасы колледж студенттерімен кездесу өткізіп, «Ашық есік күні» аясында оларға құқық қорғау жүйесінің жұмысын және онымен қалай жұмыс жасау керектігін түсіндірді. Мұндай бастамалар жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға да түрткі болады.
Қорытындылай келе, Шымкент қаласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың, ата-аналардың және азаматтық қоғамның бірлесіп жасаған жұмысының нәтижесі. Қауіпсіз қоғам – бәрімізге қатысты ортақ міндет. Ал оған жетудің жолы – ашықтық, жүйелі жұмыс және азаматтардың жауапкершілігі.
Жанна Құрманбекова