Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Осыған орай Шымкент қаласы Әділет департаментінің қызметкерлері «Ата заң – Тәуелсіз ел тұғыры» атты тақырыптық іс-шара аясында Шымкенттегі тарихи-өлкетану мұражайына арнайы экскурсия жасады.
Экскурсияның басты мақсаты – қызметкерлер арасында құқықтық мәдениетті арттырып, еліміздің мемлекеттілігін қалыптастырған тарихи кезеңдерге шолу жасау арқылы олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін тереңдету. Сонымен қатар, бұл шара Әділет департаментінің 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарына сәйкес өткізіліп отыр.
Іс-шара барысында қызметкерлер мұражай залдарын аралап, қазақ мемлекеттілігінің бастау көзінен бастап, Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі маңызды тарихи оқиғалар мен құжаттармен танысты. Атап айтқанда, Қазақ хандығының құрылуы, Алаш қозғалысы, Кеңестік кезеңдегі құқықтық реформалар және 1995 жылы қабылданған Конституцияның ел дамуына қосқан үлесі туралы нақты деректер ұсынылды.
Экскурсия кезінде қатысушылар назарына ҚР Конституциясының даму тарихы, ондағы құқықтық нормалардың қалыптасуы мен өзгеруі, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы жөніндегі мәліметтер кеңінен ұсынылды. Мұражай қызметкерлері Конституцияның әр кезеңдегі рөлін түсіндіріп, тарихи оқиғалар мен құжаттарды мысалға келтіре отырып қызықты әрі мазмұнды ақпараттармен бөлісті.
Айта кету керек, Әділет департаменті осындай танымдық-тәжірибелік бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Бұған дейін де қызметкерлер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, этикалық нормаларды сақтау, және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша бірнеше семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер мен ашық кездесулер өткізілген.
Бұл жолғы бастама да сол игі жұмыстардың жалғасы іспеттес. Конституция күнінің 30 жылдық мерейтойына арналған экскурсия қызметкерлердің ел тарихына деген қызығушылығын оятып, олардың кәсіби әрі азаматтық ұстанымына тың серпін берді.
Шымкент қаласы Әділет департаменті алдағы уақытта да әділетті қоғам құру идеясына үлес қосатын, азаматтардың құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Биылғы мерейтой – ел тәуелсіздігінің баянды болуына жол ашқан тарихи құжаттың маңызын қайта саралап, оны өскелең ұрпаққа насихаттаудың жарқын мүмкіндігіне айналып отыр. Конституция – тек заң емес, ол – әрбір қазақстандықтың болашағына кепілдік беретін басты құндылық.
Жанна Құрманбекова