2025 жылғы 7–10 тамыз аралығында Қытай Халық Республикасының Макао қаласында өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025 халықаралық робототехника чемпионатында Қазақстандағы «Келешек мектептері» мен инновациялық шығармашылық орталықтарының оқушылары жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Бұл жарыс Азиядағы робототехника, ғылыми зерттеулер және инновациялық жобалар саласындағы ең ірі алаң болып табылады. Биылғы чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінен 500-ден астам команда және 12 мыңнан астам қатысушы қатысты. Жарыстың тақырыбы – «Су асты әлемін зерттеу».
Үш күндік сындарлы жарыс нәтижесінде қазақстандық оқушылар инженерлік шеберлік, креативтілік пен командалық жұмысты жоғары деңгейде көрсетіп, еліміздің абыройын халықаралық аренада қорғады.
Арнайы төрешілердің шешімі бойынша Core Values Award және Engineering Excellence Award жүлделері Шымкент қаласындағы №149 мектептің Yassi командасына, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында құрылған ұжымға берілді.