Парламенттің төменгі палатасы бүгін жоспар бойынша Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы көші-қон мәселесін сөз етпек болған. Жоспарлы жиын әдепкі қарқынмен өтті. Алайда отырыстың өзінен гөрі депутаттардың елден арқалап келген түйінді мәселелері әлдеқайда өзекті шықты. Қашаннан жер тақырыбынан бас алмайтын Бақытжан Базарбек Алматыда заңсыздықпен басып алынған жер телімдерінің жайын бүгін тағы көтерді.
Бақытжан Базарбек, Мәжіліс депутаты: «Элиталық таунхаустар мен коттедж салу үшін Алатаудың баурайындағы таулар мен жоталардың ағаштары қырқылып, орны ойсырап қалды. Тамызда менің бастамаммен Алматыда Көк-Төбе аумағындағы «Көлсай» шағынауданында жергілікті элитаға тиесілі 25 жер теліміне қатысты Бас прокуратура мен 6 уәкілетті орган тексеру жүргізіп жатыр. Барлығының 80 пайызында таулар тегістеліп, коттедждер мен таунхаустар салынып келеді. Ал нысаналы мақсатын «шаруа қожалығы мен қосалқы шаруашылық жүргізу» деп көрсеткен».
Жиынға негізгі баяндамашы болып келген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов екіжақты келісімдер бойынша жалпылама мәлімет беріп шыққанымен, тілшілер қауымының ортасына келгенде нағыз сынаққа тап болды. Қарша бораған сұрақтың астында қалып, тіпті бір сәт эмоциясын игере алмай, даусы қатты шығып кетті.
Бас полицей бұлқынса да Жамбыл облысында өз қызметкерлері арасында заңбұзушылық бар екенін ашық мойындады. Айта кетейік, тамыздың соңында Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары ұсталған еді. Қандай айып тағылғаны нақты белгісіз.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі: «Полиция қызметкері халықты қорғауы керек. Мен талай рет айттым, сатқындармен әңгіме қысқа. Жамбыл облысы бойынша фактілерді өзіміз анықтадық. Бұл жерде біздің ұстанымымыз айқын, олар бойынша барынша қатаң жұмыс істейміз. Елімізде сатқындар болмауы керек. Барлық анықталған құқықбұзушылық деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды».
Жалпы күштік құрылымдардың қай-қайсы да Мәжілістен жайбарақат шыққан емес. Әсіресе, ішкі істер министрлігі. Өйткені, маңызды деген қылмыстық істердің көбі осы мекеме құзырында. Оның үстіне, өз қызметкерлері де жиі шатылады. Мәселен, Таразда бірінші қыркүйекте болған оқушы өлімі полиция беделін тағы түсірді. Енді министр өз уәдесіне сай жергілікті полиция басшылығын жауапқа тартқызуға тиіс.
Ербол Тұрымбет