Шымкент қаласында «Құқықтық тәртіп» атты кең ауқымды жедел—профилактикалық іс—шара басталды. Бұл бастама – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мегаполис тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Іс-шараны Шымкент қаласы Полиция департаменті үйлестіріп, оған жергілікті полиция қызметі, криминалдық полиция, көші-қон және әкімшілік полиция бөлімшелері, сондай-ақ учаскелік инспекторлар жұмылдырылған.
Іс—шараның негізгі мақсаттары мен міндеттері: Қоғамдық орындарда, саябақтарда, көшелерде құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу; Қылмыстық құқық бұзушылықтардың санын азайту; Криминогендік ахуалы күрделі аймақтарды бақылауға алу; Іздестірудегі тұлғаларды анықтау; Жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау; Тіркеусіз немесе заңсыз тұрып жатқан азаматтарды анықтау; Қару айналымына және көші-қон заңнамасына қатысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері кешенді рейдтер, түнгі тексерістер, жаяу және автопатрульдер ұйымдастыру арқылы қаладағы ахуалды жіті қадағалайды. Адам көп шоғырланатын аймақтар – автовокзалдар, базарлар, ойын—сауық орталықтары, түнгі клубтар мен қонақүйлер басты назарда болады. Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, алғашқы күннен бастап бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Сонымен қатар, бұрын сотты болған немесе пробациялық бақылауда тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыс күшейтілді.
Полиция өкілдері тұрғындарды құқықтық тәртіпті сақтауға және заңсыз әрекеттер туралы дер кезінде хабарлауға шақырады. Әрбір азаматтың белсенді азаматтық ұстанымы – қаладағы қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етудегі маңызды фактор.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі : «Қоғамдық тәртіпті сақтау – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы іс-шара аясында тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру – басты мақсаттарымыздың бірі», – деп атап өтті.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан шара. Бұл — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті нығайтуға және қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған маңызды қадам.