Полицейлер сайлау барысын тәулік бойы күзетеді

171
Полиция

Саяси науқанға байланысты 18 наурыздан бастап барлық сайлау учаскелеріне тәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілікке түседі. Ал жалпы жеке құрам күшейтілген режимдегі жұмысқа көшеді.

Полиция

Сайлауды өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында алдын ала жиын өткізген облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Асқар Оспанов қол астындағы қызметкерлерге осыны қатаң тапсырды.

Ведомство бастығы өзінің барлық қызметкерлеріне сайлауға қатысуды және отбасы мүшелерін де саяси науқанға атсалысуға жағдай жасауын жүктеді.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда 16 аймақтық, 50 аумақтық және 1074 сайлау учаскесі бекітілген. Мәслихат депутаттығына үміткерлердің саны 1532 болса, тіркелгені – 1290.

Сайлауды өткізу кезінде сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2148 полиция қызметкері жұмылдырылады. Сонымен қатар жергілікті қала, аудан ішкі істер органдарына қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуге облыстық ішкі істер департаментінің аппаратынан қосымша 240 қызметкер жолданбақ.

2016 жылдың 18 наурызынан бастап барлық сайлау учаскелерін тәулік бойы күзету үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері кезекшілікке түседі. Ал жеке құрам күшейтілген күн тәртібіне ауысады.