Шымкенттің сарбзадары әскери әндердің авторы Виват Басовпен кездесті

фото ШГБҚ

 

35748 әскери бөлімінің саптық алаңында мерзімді қызметтегі сарбаздары мен жеке құрамы әскери әндердің авторы әрі орындаушысы Виват Басовпен (Ришат Омарбекұлы Күнбасов) кездесуі өтті.

Әскери бөлімнің командирі подполковник Сергей Бибулатов құрметті қонақты қарсы алып, оның шығармашылығының әскери қызметшілер үшін маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Сіздің «Домой, домой, домой» әніңіз барлық әскерден қайтатын сарбаздардың сүйікті әніне айналды. Жауынгерлер осы әнмен қарулас достарымен және әскери бөліммен қоштасады. Сіз бізге жақын әндердің авторы ғана емессіз – сіз біздің қаруласымызсыз. Сіздің шығармаларыңыз Отан қорғаушы мектебінен өткен әрбір адамның жүрегіне жетеді, – деді командир.
Өз әндерін орындауын бастамас бұрын Виват Басов өзінің өмір жолы туралы айтып, әндерінің қалай туғаны жөнінде бөлісіп, соңғы тоғыз жыл бойы неге сахнаға шықпағанының себебін шын ниетпен жеткізді.
– Менің үлесіме көптеген сынақтар түсті, сол себепті біраз уақыт өнерден қол үздім. Бүгін қайтадан тыңдарман алдында тұрғаныма қуаныштымын, әсіресе әрқашан «Оның Ұлылығы – Сарбаз» деп атаған сарбаздардың алдында. Өйткені менің шығармашылық жолымның бастауы дәл осы Отан қорғаушыларымен байланысты, – деді музыкант.
Жеке құрамға «Я вернусь», «Генерал», «Это мама у окна», «Солдат», «Птицы» және, әрине, жасөспірім шағында жазып, шығармашылығына жол ашқан «Волчонок» әндері орындалды.
Виват Басов барлық шығармалары әскери ар-намысқа, ерлікке, батылдыққа және жеңіске ұмтылысқа арналғанын, ең бастысы – Отанға, анаға және балаға деген махаббатты дәріптейтінін атап өтті.
Сарбаздар алдындағы әндерін қорытындау үшін Виват Басов қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың бір әнін орындап, сазгердің 95-жылдық мерейтойына ерекше құрметін танытты.