Úı ANONS Алимент төлемегені үшін 6 айға қамалды

Алимент төлемегені үшін 6 айға қамалды

Шымкент қаласында алимент берешегі 4 миллион теңгеге жеткен әке 6 айға түрмеге жабылды. Бұл туралы қалалық прокуратура мәлімдеді. Борышкер Қаратау ауданының тұрғыны. Ол Қылмыстық кодекстің “Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару” бабымен сотқа тартылған.

«Биыл прокуратура бастамасымен 38 борышкерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабымен тіркелген қылмыстық істер сотқа жолданып, борышкерлерге қатысты сот үкімдері шықты. Бұл республика бойынша алимент төлеу міндетін орындамаған борышкерлерге қатысты тіркеліп сотқа жолданған қылмыстық істердің 9 пайызын құрауда»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ

Прокуратура алиментті уақытылы төлемеген жағдайда 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын ескертеді. Айта кетейік, биыл  бүгінгі күнге дейін Шымкентте өз балаларына алимент төлемеген 324 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың 208-і қамалған, қалғаны айыппұл төлеген. Бұған дейін прокуратура 3 қылмыстық іс қозғалғанын, оның ішінде алимент көлемі 7 миллион теңгеден асқан бірі алты айға қамалғанын мәлімдеген болатын.

Дилара Иса