Полицейлер қаруға қатысты 31 істі сотқа жолдады

45

ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес Түркістан облысы аумағында жыл басынан бері криминогендік ахуалды жақсарту, атыс қаруы мен оқ-дәрілерінің заңсыз айналымына қарсы бірқатар профилактикалық іс-шара өткізіліп келеді.

Мәселен жыл басынан бері Түркістан облысының полицейлері ҚР ҚК-нің 287-бабымен, яғни «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» дерегі бойынша 51 деректі тіркеп, қылмыстық іс қозғаған. Оның 31 ісіне қатысты жинақталған құжаттар айыптау актісімен сотқа жолданған.
Атап өтсек, жоғарыдағы қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаудың 51 дерегінің ішінде: 16 калибрлі тегіс ұңғылы шолақ мылтықты сақтаудың 14 жайты, 16 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықты сақтаудың 8 жайты, травматикалық қару бойынша 8 жайт, оқ-дәрілерді сақтауға қатысты 6 жайт, суық қаруды сақтаумен 4 жайт, аңшылық мылтық бойынша 3 жайт, 1 жайт автомат қаруына қатысты іс болып табылады.
Сонымен қатар облыс аумағында тәртіп сақшыларымен атыс қаруын пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге, заңсыз сақталған, тіркелмеген қаруды анықтауға бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезең-кезеңімен өткізіліп отырады.
Мәселен 2022 жылдың 15 қаңтары мен 25 сәуір күндері аталмыш республикалық іс-шара өткізіліп, заңсыз азаматтық айналымнан 54 қару тәркіленіп алынған. Ал 25 сәуірден бүгінгі күнге дейін тұрғындардағы тіркелмеген қаруды сатып алу республикалық акциясы аясында, түркістандық тұрғындар полицияға өз еріктерімен 167 қару тапсырған. Тамыз айының 15-19, 25-28 күндері аралығында Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінің бастамасы арқылы қала, аудандық полиция бөліністерімен бірге «Қару» шарасы өтті. Іс-шара кезінде 14 дерек анықталып отыр. Оған қоса полицейлердің күн тәртібінен заңсыз қару айналымымен айналысатын адамдар мен қылмыстық топтарды ұстау, қару иелерінің оны сақтаудағы ережелерді дұрыс атқарып жатқандығын тексеру жұмыстары түскен емес.
Нақтырақ айтсақ, Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары облыстағы қаруы бар тұрғындарды тексеріп, 650-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде, ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленуі, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы» бойынша 67 әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабымен «Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын сатып алу, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу» 400 жайт пен ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы бойынша «Азаматтық, қызметтік, коллекциялық қаруды тіркеу (қайта тіркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу» 190 тәртіп бұзушыны жауапқа тартты.