Балық майы көру қабілетін жақсартады

Балық сорпасы

Балық еті – адам ағзасы үшін пайдалы тағамдардың бірі. Оның құрамында адамға аса қажетті белок, май, дәрумен, протеиндер, омега 3, 6, 9 амин қышқылдары, көптеген минералды заттар бар. Ал сүйегімен жейтін майшабақ, арқан (лосось) балықтарында фосфор және фтор көп мөлшерде кездеседі. Кальций сүйекті қатайтса, фосфор ағзаның атқаратын барлық қызметіне қатысады. Сирек тұтынатын балықтың еттен де пайдалы екенін көпшілігіміз біле бермейміз.

Балықтың пайдасы:

– балықтағы амин қышқылдары адам ағзасына сіңімді. Бұл қышқылдардың құрамында ағзаға аса пайдалы метионин көп;

– бауыр ауруларының алдын алады;

– балық белогында бой өсіруге ықпал ететін лизин қышқылы да мол;

– балық майының құрамында А және Д дәрумені көп. Сондай-ақ, менолен және арахидон қышқылдары да бар.

– балық өнімдерінен жасалған тағамдар ас қорыту бездерінің жұмысын жақсартады;

– балық құрамында иод, фтор, мыс, кобальт секілді химиялық элементтер бар;

– балықтан жасалған тағамдар жүрек жұмысын жақсартуға көмектеседі.

Балықтан қандай тағамдар жасауға болады?

Балықтан сорпа жасап, қуырып, бұқтырып та түрлі ас жасауға болады. Ал қызыл балықтардың, қара кета балығының уылдырығы ең таңдаулы тағамның қатарына жатады. Балық еті тұздап кептіріліп, шикідей жеуге де жарамды.

Балық паштеті
Балық паштеті

Балық паштеті

Терісі мен сүйегінен тазартылған балықты тұзды суға салып, піскенше (5-7 минут) қайнатады. Піскен балықты алдын-ала әзірленген тұщы сүзбе, қуырылған бас пиязбен араластырады. Ересектер үшін паштетке маргарин, тұз қосып, алынған малманы мұқият езіп, жентектеп, формаға келтіріп, суытады. Ал, балаларға дайындалған паштетке сары май салу керек, бірақ тұздық қосуға болмайды. Паштетті ұзақ сақтамайды.

Балықтан жасалатын шұжық
Балықтан жасалатын шұжық

Балық етінен жасалатын шұжық

Целлофанға май жағып, алдын-ала әзірленген балық малмасын шұжық тәрізді тығыз орайды. Екі ұшын жіппен байлап, шұжық батонының өзін екі жерден буады. Әзірлеген шұжықты суға салып немесе буға қойып пісіреді. Дәмділік үшін мускат жаңғағын, қара бұрыш, сарымсақ қосуға да болады.

Балық салаты
Балық салаты

Балық салаты

Жас балықты аршып, тазалап, қуырады. Піскен картоп, алма, қызылша, тұздалған қиярды бірдей көлемде турап, дайындайды. Ал жұмыртқа мен пиязды ұсақтап турап қояды. Салатты шұңғыл ыдысқа үйіп салып, үстіне тұздық құйып, ұсақ туралған аскөк, көк пиязды себеді. Салаттың жан – жағын пайдаланылған көкөністермен, жұмыртқа тілімдерімен безендіреді. Салатқа құятын тұздыққа піскен жұмыртқаның сары уызын, қыша (горчица), сары май, тұз қосып езеді. Әбден езіліп болған соң, үстіне сірке суын қосып, тағы да араластырады.

Балық сүбесі (филе)
Балық сүбесі (филе)

Балық сүбесі (филе)

Терісінен, сүйегі мен қылтанағынан тазартылған балық етін – сүбе дейді. Балық сүбесін нәлімнің, теңіз алабұғасының, палтустың, көксеркенің, сазанның, жайынның, шортанның т.б. балықтардың етінен дайындайды. Шағындау оралған балық сүбесін тоңазытар алдында шырынын аз жоғалтуы үшін тұздық сумен баптайды. Балық сүбесінен неше түрлі тағам әзірлеуге болады.

Майға бұқтырылған килька
Майға бұқтырылған килька

Майға бұқтырылған килька

Кильканы ұстаған бойда тазартып, басын алып тастайды да, жуып, кастрюльге салады. Үстіне пияз қосып, содан кейін қара бұрыш пен тұз себеді. Жарты стакан өсімдік майын құйып, баяу жанған отқа 1,5 – 2 сағат бұқтырады. Оған 3 ас қасық томат-пюресін қосуға болады.

Қуырылған камбала
Қуырылған камбала

Қуырылған камбала

Дайындалған камбаланы 5-10 минут сүтке салып қояды. Содан кейін тұз сеуіп, ұнға аунатып алады да, қатты қызған сары майға қуырады; балық қабыршақтанғанда алады да, майын сарқып ағызып, дастарқанға ыстықтай қояды. Үстіне лимон және аскөк салынады.

Қуырылған табан балық

Дайындалған ірі балықты жанынан жарып, ортасынан көлденеңінен кеседі. Ал ұсағын тұтастай салып, бұрыш, тұз сеуіп, ұнға аунатып, тортасы айырылған сары майға немесе өсімдік майына қуырады. Дастарханға қойылғанда оған қуырылған картоп немесе картоп пюресін, қияр мен помидор қосып береді. Өсімдік майына қуырылған табан балыққа салқын винегрет, маринадталған капуста немесе томат соусын қосады.

Балық сорпасы
Балық сорпасы

Балық сорпасы

Балық сорпасы әртүрлі балықтан әзірленеді. Ұсақ алабұға мен таутаннан әзірленетін балық сорпасы өте дәмді болады. Ол үшін балықты ішек-қарыннан арылтып, жақсылап жуу керек. Таутанның қабыршағын тазартудың қажеті жоқ. Содан кейін балықты суық су құйылған кастрюльге салып, тұз, пияз, лавр жапырағы және түрлі-түсті тамырлар қосады. Содан соң отты басыңқырап қойып, шамамен 40-60 минут қайнатады. Сорпа дайын болған кезде оны сүзу керек. Балық сорпасын дастарханға самса немесе бәлішпен бірге қояды.

Гүлнұр СӘТБАЕВА