Төтенше жағдайға тап болмасақ игі…

Кене қаптап барады
Кене қаптап барады
Кене қаптап барады

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген осы шығар. Күн күрт жылынысымен жергілікті жұрт кенеден кесел тауып, шегірткеден зиян шеге бастады. Егер биылғы жыл қуаншылыққа толы болатынын, құрғақшылық белең алатынын ескеретін болсақ, бұл төтенше жағдайдың бастамасы ғана сияқты.

Бүгінге дейін аймақта тас кене тістеген 300-ге тарта адам медицина қызметкерлерінен көмек сұраған. Мамандардың айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Өңірде ауа райының құбылмалы болуынан залалсыздандыру жұмыстары мерзімінен 15 күнге кешігіп басталды. Қауіпті жәндіктер Созақ, Ордабасы, Төлеби, Түркістан аудандарымен қоса, Шымкентте де кездесіп отыр. Биыл мамандар 4300 кенені тексеруден өткізген. Соның 2-і конго-қырым қанды безгегін тасушы болып шықты. Бір қауіпті кене Мақтарал ауданынан табылса, екіншісі Шымкент қаласының маңынан – «Мирас» шағынауданынан табылды. Сақтық шаралары күшейтілді. Залалсыздандыру жұмыстарына биыл облыстық және республикалық қазынадан 432 млн теңге шамасында қаржы бөлінген.

ОҚО СЭҚД бөлім бастығы Ералқасын Түктібайдың сөзіне сенсек, әзірге облыста эпидемиялық жағдай тұрақты. Аудандардағы залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілу барысы қадағаланып отырады. Мәселен Созақ ауданындағы ағайын ежелден күнкөрісін ата кәсіп – малшаруашылығынан ажыратып отыр. Сондықтан, бұл аудан кене ең көп тараған аймақ саналады. Онда бүгінде қауіпті жәндікке қарсы күрес шаралары қызу жүріп жатыр. Мамандар малға дәрі бүркумен бірге әр үйдің қора-қопсысын түгел залалсыздандыруда. Себебі, Созақ ауданы конго-қырым қанды қызбасының табиғи ошағы болып есептеледі. Ауданда ірі-қара малды тоғыту, бүрку, дәрілеу жұмыстарын арнайы құрылған мал дәрігерлік мекемесінің мамандары атқаруда. Мұнда 80-ге жуық маман жұмыс істейді. Аудандағы 1 миллион 920 мың шаршы метр қора-қопсы жаппай залалсыздандырылып жатыр. Мамандар малшы қауым арнайы сақтану киімдерін, қолғап, халат, шалбарды киген дұрыс деп ескертеді.

Абайлаңыз, кене!
Абайлаңыз, кене!

Кененің белсенділігі артып отыр

Облыста зертханадағы тексерулер барысында 31 кенеден конго-қырым-қанды безгегі ауруының қоздырғышы анықталды. Эпидемиологиялық маусым басталғалы мамандар күн сайын кенелерді тексеруден өткізіп келеді. Осы уақытқа дейін 15 мың 911 кене зерттелген. Дәрігерлерге кене шаққан 1 мың 831 адам шағымданған. Ал жуырда конго-қырым қанды безгегі диагнозымен 3 адам тіркеліп, карантинге алынған. Өңірдің ветеринарлық инспекциясының мәліметінше, көктем шыққалы кене шақты деп 1237 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Аймақтағы ұсақ тұяқты малдың жартысынан көбі дезинфекцияланса да, вирустық аурудың алдын алу мүмкін болмай тұр. Жалпы, конго-қырым қанды безгегі табиғи-ошақты вирустық ауру. Ол кенелерден жұғып, кенеттен басталады. Сол себепті, дәрігерлер табиғат аясына демалуға шығарда абай болуды ескертеді. Айта кетейік, бұрнағы жылдары қауіпті вирустың құрбандарын барынша азайту мақсатында облыс басшылары өңірде қатаң шаралар енгізген болатын. Біріншіден, кенені тасымалдайтын төрт түліктің жайылымын ауыстыруға тыйым салынды. Екіншіден, адамдардың табиғат аясына шығып демалуына қатаң шектеу қойылды. Үшіншіден, мектеп оқушыларына жылда өткізілетін далалық әскери жаттығу ойындарын білім ошағының өзінде өткізу мәселесі де қаралды. Енді облысқа тек төтенше жағдай жариялау ғана қалды.

Естеріңізде болса, өткен жылы 30-ға тарта адам осындай шағыммен ауруханаға түскен болса, екі науқас көз жұмған-ды. Қалыптасқан жағдайға жіті көз жеткізу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы аймаққа арнайы келген-тін. Алайда, жұмыс барысы республиканың бас санитар–дәрігерінің көңілінен шықпаған. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Кеңес Оспанов: «Қағаз жүзінде бірталай жұмыстар істелінген сияқты. Бірақ, біз үшін қағазда жазылған іс емес, атқарылған іс маңызды. Өкінішке қарай, нәтиже оң болмай тұр. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы бұл мезгілде Қазақстанда бірде-бір ауру тіркелмеген еді. Ал биыл бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында алты ауру тіркеліп, екеуі қайтыс болды»,– деп саланың жұмысын сынға алған. Кене шағу дерегі әсіресе Сайрам, Шардара, Бәйдібек аудандарында жиі тіркеліп еді. Кісі өліміне жол берген мамандардың ісі Түркістан қалалық сотында май шаммен қаралғаны жадымызда. Сол кезде медицина қызметкерлеріне өз ісіне немқұрайлы қарағандығы үшін ҚК 316-бабы 2-бөлімі, 114-бабының 3,4,5-бөлімімен айып тағылған. Қалалық сот бұған дейін дәл осындай кемшіліктерге жол беріп, науқастың өліміне себепкер болған Жаңа Иқан ауылы емханасының бас дәрігерін бір жарым жылға бас бостандығынан айырған.

Шегіртке шабуыл жасай бастады
Шегіртке шабуыл жасай бастады

Шырылдауық шегіртке…

Ел экономикасына кері әсерін тигізіп, ауылшаруашылығын күйретіп кететін шегірткенің «сойқаны» басталар күн де жақын. Шегірткенің өсімдік шаруашылығына тигізер зияны өте зор. Сондықтан қазірден бастап еліміздің ауылшаруашылығы министрлігі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қытайдағы әріптестерімен шегірткенің көшуі, көбеюіне қатысты өзара ақпар алмасуда. Бұдан бөлек, зиянкес жәндіктің бір аумақтан шығып кетпеуін қадағалау үшін көршілес елдермен шекаралас аудандарда бірлесіп жұмыс істемек.

Мамандардың айтуынша, шегірткенің шырылы біздің аймақта үдей түспек. Республикалық фитосанитариялық диаг-ностика және болжамдар орталығының қызметкерлері облыстың аудандарын аралап, қыстап шыққан шегірткенің қаншалықты көбеюі мүмкін екенін бақылауда. Әсіресе, Сарыағаш ауданы шегірткенің шабуылына көбірек ұшырайды деген болжам бар. Дәнді дақылдарды сабағымен қоса құртып жіберетін мешкей шегірткенің бізде марокколық және италиялық прус дейтін түрі аса қауіпті. Мамандар «олармен мамырдың аяғына дейін алыссақ, маусым келе азиялық шегіртке көбейе бастайды» дегенді айтады.

Шегірткенің көбейіп кетуіне шегіртке үйірлерінің шекарадан ұшып келуі ғана емес, сонымен қатар италиялық шегірткелердің тұрақты орналасқан орындарының жоғары қауіптілігіне тиісті дең­гейде көңіл бөлмеуі де жағдайды ушықтыра түседі. Шегірткелер жер үсті зерттеулер жұмыстарына қолайсыз және қолжетімсіз болып табылатын жерлерде орналасады. Қолжетімсіз ошақтарды фитосанитарлық мо­ни­торингілеу және зерттеу жұмыс­тары көліктердің жетіспеу және қашықтықтан зондылаудың заманауи құралдары мен аса жеңіл аппараттардың жоқтығы сал­дары­нан «Фитосанитарлық диаг­нос­тика және болжамдар респуб­ликалық әдістемелік орталығы» ММ тарапынан тиісті деңгейде жүргізілмейді. Шегірткенің көбейіп кетуіне химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруда кеткен қателіктер де кері әсерін тигізген. Былтыр химиялық күрес жүргізу жағ­дай­ы өте қатал болды. Қатты құрғақшылық пен жоғары температура өңдеу уақытын әдеттегіден 10-14 күнге, кейбір жерлерде 20 күнге дейін кешіктірді. Өңдеушілер мұндай жағдайға нашар дайындалған болып шықты. Өңдеу орнына бүрку техникасы кешігіп келеді, дабыл беру уақыты мен нақты өңдеулер арасында 7-10 күндік үзіктер орын алады, препараттарды қолдану ережелері сақтал­мады. Шегірткелер жо­ға­ры деңгейде мекен еткен кейбір ауылша­руа­шылық егістіктері өңделмей қалып, ол өз кезегінде қалыптасқан үйірлердің миграциясына және жаңа аймақтарға көптеп таралуына алып келді.Шегірткенің қаптап кетуінің алдын алу үшін олар тарай бастаған және қауіпті зиянкестердің миграциясы кезінде кең ауқымды аумақтарда жаппай химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл орайда шегірткелердің үйірлері ұшып келгеннен кейін қолданған тәсілдердің әсері қанағаттанғысыз болады. Жаппай химиялық өңдеу­дің басты стратегиялық кемшілігі сол, бұл жұмыстар «өрт сөндіру» түрінде өткізіледі де, бастапқы ошақ­тарда, әсіресе қол жетпейтін немесе қиын аумақтарда шегірт­келер шоғырлануының алғашқы кезеңдері назардан тыс қалады.Сала мамандары зерттей келе шегірткелердің жаппай таралуы кезеңінде үлкен аймақтарда жаппай химиялық өңдеудің жалғыз баламасы ретінде сақтандырғыш тәсіл қолданылуы керектігін алға тартып отыр.

Аталған сақтандырғыш тәсіл шегірткенің бір жылдық өмір сүру мекендерін тиімді бақылау нәтижелеріне негізделіп, көлемдері көбеюінің және мінез-құлқының өзгеруін ерте анықтау мақсатында іс­ке асырылады. Сол арқылы шегірт­ке ошақтарының қау­лап кетуін болдырмайтын ерте ақпараттану және жауапты іс-шараларды жүзеге асыру қамтамасыз етіледі. Шегірткенің көп шоғырлануын болдырмау үшін ГАЖ және GPS/ГЛОНАСС технологиялары арқы­лы қашықтықтан алдын ала тексеруге негізделген болжау мен бақылаудың заманауи тәсілдерін жетілдіру қажет. Бұл орайда ең басты қажеттілік шегірткелердің алдын алу шараларының страте­гиялық бағытын өзгерту, залалы аз инсектицид, биопестицид және басқа да биологиялық құралдарды қолдану қажеттігін ескеруіміз керек.Шегіртке көп шоғырланатын және төтенше жағдайлар туындап жататын көптеген аумақтар Ресей Федерациясымен, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тә­жікс­тан, Қытай Халық Респуб­ликасымен шекаралас өңірлерде орналасқан. Бұл елдермен шекаралас аймақтарда алдын алу шараларында шегірткемен күрестің көпжылдық тәсілін қолдану күн талабынан туындап отыр.

Мақпал РЫСБАЕВА

P.S. Осылайша бүгінде күнгейдегі көпшіліктен маза кетті. Былайғы жұрт кенеден қауіптенсе, егін алқабындағы шаруаның басын шегірткенің шырғалаңы қатырады.