Облыс әкімі Созаққа жұмыс сапарымен барды

298

Облыс әкімі Созақ ауданына жұмыс сапарымен барды. А.Мырзахметов осында өткен кеңейтілген мәжілісте өңірдегі білім мекемелері 20 тамызға дейін жаңа оқу жылына толық дайын болуы керегін ескертті.

002

Жаңа талап бойынша құрылыс нысындарының сапасы жайлы ауыл әкімі мен мектеп директоры тиісті орындарға ай сайын мәлімет жолдауы қажет. Теріскейде бюджет есебінен салынған нысандардағы олқылықтар үшін аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімі басшысына сөгіс берілді. Бастысы облыстық басқармалар мен жергілікті әкімдіктің тиісті бөлімдері жүйелі жұмыс істей білуі тиіс.

Кез келген мәселені іс басында оңтайлы шешу саладағы жұмыстың нәтижесін арттырады деген облыс басшысы бұл жиында ауданда атқарылған жұмыстармен қатар оларды ұйымдастыруға облыстық салалық басқармалардың қосқан үлесін де таразылап, бағалады. Осы орайда облыстағы аудан орталықтары мен қалалардың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында жергілікті әкімдіктердің бас сәулетшілерін облыста арнайы іс-тәжірибеден өткізіп, біліктілігін арттыруға ерекше тоқталды.

Әрі қарай есепті жиында су көздерінің тиімділігін арттыру жайы талқыланды. Бүгінде ауданда 25 шақырым канал жөндеуді қажет етеді. Оған кететін шығын 335 млн теңгені құрайды. Су арналарын қалпына келтіруде тек бюджетке ғана салмақ артпай, каналдардың жекеменшік иелерін де бұл жұмысқа жұмылдырудың тетіктерін белгілеу жүктелді.

Жекенің қолындағы су арналарының бүгінгі ахуалына алаңдаған өңір басшысы қолданыстағы заң талаптарын пайдалана отырып, сапалы қызмет ұсынбай, тек жеке мүддесін ойлайтын канал иелеріне шара көруді тапсырды. Одан бөлек суармалы алқаптардың көлемін ұлғайту маңызды міндет екендігін айтып, Қызылкөлді қалпына келтіру бойынша зерттеу жұмыстарына назар аударды.

Ауыл шаруашылығы саласында ет, жұмыртқа өнімдерін өндіруге байланысты меже белгіленгенімен, өз деңгейінде орындалмаған. Ауданда «Сыбаға» бағдарламасының атқарылуы да төмен. Жіберілген кемшіліктердің барлығы ауыл әкімдерінің статитистикалық деректерді дұрыс бере алмағанынан деді өңір басшысы.

Теріскей халқы ежелден ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналысады. Дегенмен, жергілікті әкімдік тарапынан ұйымдастыру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуі салдарынан мал бордақылау алаңдарын ашу жөніндегі жоспар-тапсырма дұрыс атқарылмаған. Жалпы, өңірімізде мал шаруашылығын өркендетуге арналған өңірлік іс-шаралар жоспарын іске асыруға қомақты қаржы қаралған.