«Оңтүстіктің көркі» байқауы аяқталды

769

Өнерді өрлету орнына, қайта қиянат жасалды. Оңтүстіктің көркін он саусақтың құдыретімен жеткізуге тырысқан шеберлердің еңбегі еленбей қалды. Себебі сайыстың жүлделері алдын ала, бұйымдар байқауға ұсынылмай жатып-ақ белгілі болған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=d22oewCE44Y[/youtube]

Бейнелеу өнері мұражайында өткен «Оңтүстік көркі» өнер байқауына қатысқан майталмандар осылай шағымданды. Тіпті олар марапаттау рәсімінде ұйымдастыру алқасының жарыс алдында айтқан уәждерін де жасырмай жайып салды.

Ұлбосын Рысбаеваны көрмеде қаумалағандар көп. Қолөнерші мұнда шеберлік сабағын өткізуде. Саз-балшықтан түрлі пішіндегі ыдыс-аяқтар жасайтын жас шебер қазір осыны кәсіп еткен. Көрмеде 6 жылдық тәжірибесі бар Ұлбосын сапалы қыш құмыралар жасаудың құпиясымен бөлісті.

Ұлбосын Рысбаева, қолөнер шебері: «Құмыраны 1-1,5 сағатта дайындап, жасай аламын. Одан кейін оны 3 күн бойы кептіреміз. Арнайы пешке салып, 700-900 ауа қысымында тағы ұстап, күйдіреміз. Әрбір құмыраға 1 апта уақыт жай жұмсалады, ең кіші бұйымдарды 300 теңдеген сатамын.»

Ұлттық оюмен безендірілген киім-кешек, тұрмыстық заттар мен қазақы киіз және былғарыдан жасалған бұйымдар. Халқымыздың төл тұрмысын еске салатын дүниелер де осында.

Сонымен, сайыстың «Ең үздік кәдесый бұйымы» аталымы бойынша бас бәйгені Түркістан қолөнер мектебінің өкілі жеңіп алды. Ал «Ең үздік қолөнерші » марапатындағы бас жүлдені өңірімізге танымал қолөнершілер – Бейсбековтар отбасы еншіледі.

Берік Бейсбеков, «Оңтүстік көркі» қолөнер байқауының бас жүлде иегері: «Дәл қазір үлкен қуанышты әсердемін. Біздің өнімдердің ерекшілігі сол – шикізаттардың барлығы да табиғи. Сосын, қазақта бұрынғы кезде қалай жасалса, сол үлгіні, сол қалыпты ұстана отырып, мән-мағынасына ойыса отырып, бұйымдарды, өзге де дүниелерде жасап келеміз».

Бірақ, марапаттау рәсімі басталысымен-ақ, бірқатар қолөнер майталмандары наразылық білдірді. Олар сайыстың жүлделері алдын ала, бұйымдар байқауға ұсынылмай жатып-ақ белгілі болған дейді. Ал өзге қатысушыларды алдарқату үшін Елордаға жолдама сыйға ұсынылыпты.

Құрбанәлі Арыстанбек
Құрбанәлі Арыстанбек

Құрбанәлі Арыстанбек, қолөнер шебері: «Әділдік болған жоқ. Байқау басталмай жатып орынды бөліп қойған. Маған сайыстың алдында ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы келіп, «Сенің затың керемет, бірақ саған орын бермейміз, барлығы бөлініп қойды. Сен жүлдеге таласпа, есесіне кейінірек Астанада өтетін көрмеге жолдама береміз, 3 күн тамағың мен жолақыңды көтереміз, тек мұнда тыныш отыр» деді. Біз не үшін келдік сонда?! Еңбегімізді бағаламайтын болса?! Мазақ еткені несі?! Енді мүлдем қатыспаймыз көрмеге.»

 

Десе де ұйымдастырушылардың, төрешілердің талғамы бөлек екен.

Бауыржан Омарбеков, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы: «Өзім де конкурстың басы-қасында болдым. Маған ағаштан және лайдан жасалған, тарихтан сыр шертетін дүниелердің бірнешеуінің сапасы мен мағынасы қатты ұнады.»

Бауыржан Омарбеков
Бауыржан Омарбеков

Айта өтейік, «Оңтүстік көркі» қолөнер шеберлерінің байқауы өңірімізде биыл 6-рет ұйымдастырылды. Оған 10 мыңнан астам сапалы дүние қойылған.