«Оңтүстік қолөнершісі» пилоттық жобасы қолға алынды

1096

Облыста «Оңтүстік қолөнершісі» пилоттық жобасы қолға алынды. Бағдарлама аясында 300 қолөнерші 3 айлық мерзімді оқумен қамтылатын болады. Мамандарды оқытумен айналысатын қолөнер шеберлеріне әр оқушыны оқытқаны үшін ай сайын 30 мың теңгеден төленбек. Күнгейге кеңінен танымал Бейсбековтар әулетінің галереясы үлкен оқу орнына айналады.

«Оңтүстік қолөнершісі» пилоттық жобасы қолға алынды

Бойтұмар, көздің жауын алатын сәнді әшекейлер мен қазақ халқының ұлттық бұйымдары. Галереяға қойылған бұл туындылардың барлығы қолдан жасалған. Мұнда гобелен мен кесте өнеріне қанығып, тері мен ермексаздан, сабыннан түрлі бұйымдар мен киімдер, сәнді аксессуарлар жасап, үйренуге болады.

Енді мұнда өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі жастар тегін білім алатын болды. Бастамаға сәйкес, «Оңтүстік қолөнершісі» атты пилоттық жоба іске асып, 300 жас қолөнер бұйымдарын жасауды тегін үйренеді. Ең бастысы пилоттық жоба өз қатысушыларына ай сайын 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы төлейді.

«Оңтүстік қолөнершісі» пилоттық жобасы қолға алынды
Шалғайдан қатынайтындар үшін 9620 теңге – жолақыға, ал, үй жалдайтындар үшін 12 025 теңгеден бөлінген. Курсты үздік бітірген 20 түлек облыс әкімінің арнайы грантына ие болады. Бір сөзбен айтқанда, он саусаығынан өнер тамған жастардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.

Бұл галерея қолөнершілерден құралған Бейісбековтер әулетінің меншігінде. Облыс әкімі бастаған топ көздің жауын алар түрлі бұйымдарды тамашалап, ата-баба өнерін жаңғыртып отырған орталық қызметкерлеріне ризашылық білдірді.

Бұған қоса Шымкентте қолөнершілердің жаңа орталығы ашылмақ. Жаңа жобаға сәйкес қолөнершілердің туындысын тамашалайтын туристер үшін арнайы қонақ үй салынады. Бірақ, бұл әзірге жоба ғана.

Лаура Нақыпқызы