Оңтүстік жастары туралы фильм түсірілмек

Бес жастан бастап 30 жасқа дейінгі талантты жастарды іздейміз! Оңтүстікте өңір жастары туралы фильм түсірілмек. Жаңа туынды «Облыстық жастар орталығы» мекемесінің тапсырысымен түсіріледі. Бүгінде кастинг жұмыстары өтуде.

Фильмнің авторы әрі режиссері – жас режиссер Шапағат Орынбаев. Комедия жанрында түсірілетін көркем фильм Төле би ауданы, Қасқасу ауылында түсіріледі деп жоспарланып отыр. Түсірілім жұмыстары қыркүйек айында басталмақ.

Негізгі кейіпкерлерді КТК ойындарының мүшелері мен танымал өнер жұлдыздары сомдайтын көрінеді. Ал қыздың рөлін сомдайтын әртіс әлі табылмапты. Фильмнің режиссері басты кейіпкерлі танымал өнер иесі ғана емес, қарапайым студент немесе жас бойжеткен де сомдауы мүмкін деп отыр.

Ал көркем фильмнің оқиға желісі қызыл диломмен жоғары оқу орнын бітірген жас маман әкесімен бәстесіп қалып, ауылға келіп жұмыс істеуден басталады. Осылайша ауыл қызымен танысып, сюжет желісі шиеленісе түседі. Фильмнің өн бойынан қарапайым ауыл өмірі де, дипломмен ауылға барып, жұмыс жасайтын жастар тіршілігі де көрініс табады. Оңтүстік өңірдің тамаша табиғатын көрсетіп, білімді, талантты жастардың ауылдан шығатынын да дәлелдей түседі.