Аға буын өкілдері мегаполис жастарының мәселесін талқыға салды

35

«Жастар – ізгі қоғам айнасы». Шымкентте осындай атаумен рухани-танымдық форум өтті. Ардагерлер, әкімшілік қызметкерлері мен дін өкілдері мегаполис жастарын дініміз бен салтымыз тыйым салған жаман әдеттерден қашық болуға шақырды. Бүгінгі жастардың ертеңгі ел ағасы боларын естен шығармаған аға буын өкілдері тәрбие мәселесін де талқыға салды. 

Шымкентте теріс діни ағымдардың идеологиясынан сақтануға шақыратын рухани-танымдық форум өтті. Ардагерлер, әкімшілік қызметкерлері мен дін өкілдері мегаполис жастарын дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға шақырды. Экстремизм мен терроризм бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі. Форум делегаттары дініміз бен салтымыз тыйым салған жаман әдеттерден де қашық болуды үндеді.

Мұхамеджан Естеміров, ҚМБД Шымкент қаласы бойынша наиб имамы: «Қазіргі кезде неше түрлі ақпарат көздері бар. Жастарды азғыруға, теріс жолға итермелейтін көптеген сайттар мен ағымдар бар. Солардан жастарды хабардар ету үшін, оларға еріп кетпеу мақсатында осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімдігі, ардагерлер кеңесінің ақсақалдары қатысып отыр. Бұның барлығы басшылардың жастарға бей-жай қарамайтындығын білдіреді. Ақсақалдар болып, әкімшілік болып, бәріміз бір болып жастардың тәрбиесіне мән беріп отырмыз»

Тағылымды шараға келген Сұлтан Әмірбек «болашақ-жастардың қолында» деген сөзбен толықтай келіседі. Белсенді жас бүгінгі форумның жоғарғы деңгейде өткенін айтып, берері мол екеніне тоқталды. Оның сөзінше жастарды теріс ағымнан сақтаудың бірден бір жолы олардың санасына діни иммунитет қалыптастыру.

Сұлтан Әмірбек, Белсенді жас: «Болашақ жастардың қолында. Бірақ қандай жастардың қолында? Бәсекеге қабілетті, шет тілдерін меңгерген, білімді білікті жастардың қолында. Ал, қазіргі кезде қоғамның дерті болған діни тақырыптар, экстремизм, терроризм – тек қана Қазақстанда емес, бүкіл жаһанды шарпыған қоғамдық дерт. Сондықтан, осы қоғамдық дертке текетірес болу үшін, оларға қарсы тұру үшін, ең алдымен жастардың санасына діни иммунитет қалыптастыруымыз керек»

Форум барысында елдің жарқын болашағы жастардың санасы мен болмысына тікелей байланысты екені айтылды. Сондай ақ, қоғамда тәрбиелік мәні зор бағыттарға басымдық беру сөз етілді.