//
Дәубаба шатқалына кеткен бүлдіршін мен әпкесі жоғалып кетті Жаңалықтар 

Дәубаба шатқалына кеткен бүлдіршін мен әпкесі іздестірілуде

Оңтүстікте поилция қызметкерлері 1-сынып оқушысы мен оның әпкесін іздеп жатыр. Түлкібас ауданының тұрғыны Іңкәрбек Инабат әпкесімен бірге тауға қыдырып кетіп, қайтып оралмаған.

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне сәйкес, 17 сәуір күні түнде Түлкібас аудандық ішкі істер бөліміне 45 жастағы жергілікті тұрғын шағымданып келеді. Бұл азаматшаның айтуынша, сол күні кешкі сағат 18:30 шамасында 7 жасар қызы Инабат пен 56 жастағы Баймұратова Әшіркүл есімді азаматша екеуі Дәубаба шатқалына саңырауқұлақ теріп келеміз деп кеткен. Содан бері хабар болмай отыр.

Туыстарының сөзінше, Әшіркүл Инабаттың отбасына туыс болып келеді. Қаладан Дәубаба ауылына сол күні қыдырып келген Әшіргүл Баймұратова кішкентай сіңлісін ертіп, жаңбырға қарамастан тауға кеткен екен.

Іңкәрбек Инабат
Іңкәрбек Инабат

Инабат- отбасындағы алты баланың кенжесі. Оны ертіп әкеткен әпкесі ешқашан тұрмыста болмаған, әрі баласы жоқ екен. Полиция мен қыздың туыстары Әшіркүл есімді Азаматшаның жас баланы алып кетуі де мүмкін деп күдіктеніп отыр. Дегенмен, Баймұратова жеке заттарымен қоса құжаттарын түгелдей ауылдағы үйде қалдырып кетіпті.

Хабарсыз кеткендерді іздеу үшін құтқарушылар квадракоптерді қолдануда. Алайда әзірге нәтиже жоқ.

Іңкәрбек Инабат Нұрқанатқызы 2009 жылы туған. Түлкібас ауданы, Дәубаба ауылының тұрғыны. Бойы 120 см, арықша денелі, шашы ұзын, қара. Үстіне киген киімі: қызыл күртеше, қызыл түсті жемпір, қара шалбар, аяғында ақ кеды.

Әшіргүл Баймұратова
Әшіргүл Баймұратова

Әшіргүл Баймұратова 1960 жылы туған. Шымкент қаласының тұрғыны. Арықтау, шашы қара, қысқа. Үстіне қара жеңсіз тоқыма жемпір, жасыл түсті кофта, қара шалбар мен ақ кроссовки киген.

Егер сіздерге осы адамдар жайлы кез келген мәлімет белгілі болған жағдайда полицияға 8 (7252) 21-20-51, 21-21-52, 21-21-87, 21-20-41 немесе 102 нөмірлері арқылы хабар берулеріңізді сұранамыз.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz