//
Мақтааралда өркениеттен тыс қалған ауыл бар Жаңалықтар 

Оңтүстікте өркениеттен тыс қалған ауыл бар

Оңтүстікте жергілікті өзін-өзі басқару заңының шарапатын көрсек деп үміттеніп отырған ауылдар бар. Солардың бірі – Мақтаарал ауданына қарасты Жылы су ауыл округі. Мұндағы 14 мыңнан астам халық жолдың азабын тартып отыр. Ал Кәрім ата ауылында жол былай тұрғанда тіпті азық-түлік дүкені де, балабақша да жоқ. Өркениеттен тыс қалдық деп ашынған тұрғындар біздің редакциямыздан көмек сұрап отыр.

Мақтааралда өркениеттен тыс қалған ауыл бар

Жетісайдан 20 шақырым шыққанда өркениеттен мақұрым қалған ауылды көресіз. Кәрім ата деп аталатын ауылда азық-түлік сататын дүкен де, балабақша да жоқ. Осы ауылдың тұрғындары – Дүйсебековтер қырық жылдан бері тегіс жолды армандап келеді. Ерлі-зайыпты екеуі де ІІ топ мүгедегі. Балдаққа сүйенген жарым жандар тозығы жеткен жолдың кесірінен дәрігерге көріне алмай отырмыз дейді. Тіпті жалдап баратын жеңіл көліктің өзі батпақ жолпен қатынамайды деп ашынады.

“Көпіріміз құлап жатыр. Мектепке қатынайтын балалар құлап кетеді ме деп уайымдаймыз. Көшенің аты былай тұрсын, көшенің өзі жоқ біздің ауылда. Қыстың күні мына балдақпен үйден шыға алмаймыз. Тіпті жеңіл көлік жалдап шақыртайын десек, олардың өзі мына саз-батпақпен жүрмейміз дейді. Қырық жылдан бері қиналып келеміз. Не азық-түлік дүкені жоқ, не балабақша жоқ. Өркениеттен тыс қалып отырмыз” дейді ауыл тұрғыны Базаркүл Дүйсебекова.

Өздерін көштен қалып қойған жұрттай сезінетін ауыл жұрты басшылардың уәде сөзіне кейіс білдіреді. Шағымдарын айтып, сан мәрте сабылып жауаптыларға да барған. Бірақ бірде-біреуіне нақты жауап берген басшылық болмапты. Тіпті қоғамнан шығарып тастады деп ренжулі тұрғындар.

Мақтааралда өркениеттен тыс қалған ауыл бар

Құралбек Тұрлыбаев, ауыл тұрғыны: “Бұл ауыл тіптен ұмыт қалған. Бірде-бір билік өкілдері келіп, ауылдың жағдайынан хабар алмайды. Балаларым үш шақырым жер батпақ кешіп, мектепке жаяу қатынайды. Жылына үш-төрт рет аяқ-киім ауыстырамыз. Жауын жауса мына көшелермен жүре алмайсың. Осыны назарға алып, болмағанда бір аяқ жол салып берсе екен билік деп армандаймыз.”

Ал жергілікті атқамінерлерге халықтың азабы жақсы таныс. Тіпті аудан әкімінің орынбасары округке қарасты ауылдарда жыл бойы жасалған жұмысты жіпке тізіп берді. Енді Кәрім ата ауылының проблемасы шамалы уақыттың ішінде шешіледі деп сендіруге тырысты.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz