Оқыс оқиға 

Қазығұрттағы кәсіпкердің үйін тонағандар табылды

Сурет "Отырар" телеарнасының мұрағатынан алынды

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданының полицейлері кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылық шабуылдың сырын ашты.

2011 жылдың 25 желтоқсанында шамамен түнгі сағат 01:00-де қазығұрттық жанармай бекеті басшысының үйіне бетперде киген төртеу басакөктеп кіріп, ондағы отбасы мүшелеріне күш көрсете жүріп, ақша талап еткен. Бала-шағасын қорғамақ болған бәйбіше қарақшыларға жағданның (сейф) кілтін лақтырып, терезеден секіріп үлгереді. Сөйтіп, қатты қорыққан әйелдің айқайынан көршілері көмек бермекке жүгіріп шығады. Лездің арасында айнала у-шуға айналғанынан шошынған “шақырылмаған қонақтар” ұялы телефонды алып, оқиға орнынан табанын жылтыратады. Үй егесі мен оның кәмелетке толмаған 13 және 15 жастағы балалары дереу ауруханаға жеткізіледі. Себебі, қарақшылар үйдегілерді түрлі дәрежеде ұрып-соққан болатын.

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, қарақшылық оқиғаға байланысты ҚР ҚК 179, яғни “тонау” бабы бойынша іс қозғалады. Шұғыл құрылған топ күдіктілерге іздеу жариялап, екі аптадан соң ғана кінәлілердің ақ-қарасын айырады. Сонымен кәсіпкердің үйіне шабуыл жасаған жергілікті елдімекеннің 1982 және 1983 жылдары туылған азаматтары болып шықты. Жұмыссызбыз деген жігіттердің бірі осыған дейін де тонап, ісі сотты болған екен. Әрі “кәсібіне” әккіленген күдікті орын алған оқиғаны ұйымдастырған болып шықты.

Күдіктілердің барлығы абақтыға тоғытылды. Қазір тергеу жұмыстары жүруде. Қарақшылардан айғақ ретінде заттай дәлелдемелер табылды.

Related posts