31-ші қаңтар күні Зияткерлік меншік туралы Заңға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер күшіне енеді. Яғни авторлық құқық қорғалған өнімге жасалған қиянатқа қарсы күрес күшейе түспек. Шымкенттік киносүйер Евгений Козаев аталмыш заңдағы өзгерістер нәтижесінде бейнетаспалардың сапасы жақсаратынын айтады.
Заңға енген өзгеріске сәйкес, енді бейнетаспаларды заңсыз көшіріп басушылар ғана емес, «ғаламтор қарақшылары» да жауапқа тартылатын болады. Оған Әділет органдарына ғаламтордағы өз меншігіне қол сұғылғанын айтып арызданушылардың көбейгені себеп болса керек.
Заңсыз бейнетаспаны саудалап жүргендерді сол тауарымен қолға түсіру оңай. Ал ғаламторда «қарақшылық» жасаушыларды ұстау түгілі анықтаудың өзі қиын. Сондықтан да заңның орындалуын енді Әділет басқармасы, Ішкі істер департаменті және қаржы полициясы секілді үш бірдей құзырлы орган бақылайтын болады. Сондай-ақ заң бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері де артады.
Енді еліміздегі зияткерлік меншік құқына қарсы жасалатын қиянаттың жолы кесілетіні анық. Дегенмен Әділет басқармасындағыдар ғаламтор қарақшыларын қандай жолмен анықтайтынын әзірге біле алмай отырған сыңайлы.