Қайырымдылық «эстафетасының» алауы депутаттардың қолында

630
Түркістанда қайрымдылық акциясы

Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан атаулы мерекелер қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнап акция ұйымдастыру тұрақты үрдіске айналған. Бүгінде «Мейірімді жүрек» атты қайырымдылық істің сайысына айналып келе жатқан игі шараның «эстафета» алауы облыстық мәслихат депутаты Базарбай Зубайдуллаұлының еншісіне тиді.

Өз отбасының атынан 100 оқушыға әлеуметтік көмек көрсетуге ниет етіп, қалалық мәдениет үйінде жалғасын тапқан қайырымдылық акциясында балаларға арнаған сыйлықтарын үлестірді. Сонымен бірге жиынға қатысқан қала басшылығы мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қолға алынған істің жалғасын тапқанына ризашылық білдіріп, ыстық ықыластарын жеткізді.

Қайрат Молдасеитов, Түркістан қаласының әкімі: «Біз осындай қайырымды шаралармен шектеліп қалмаймыз, бұл мәселе әрдайым қала әкімдігінің күн тәртібінен түспейтін болады. Сондай-ақ, аталған іс қаламыздағы қалталы азаматтарға үлгі болса деген ниеттемін.»

Бүгінде мемлекет тарапынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға әлеуметтік жәрдем беру басты назарға алынған. Дегенмен бұл өмірбойы төленетін қаржы емес. Мемлекет аталған отбасыларға қиын кезеңде демеу болып, сол қиындықтан осындай көмек арқылы шығуды мақсат етіп отыр. Ендеше еңсесін тіктеген елу елдің қатарынан орын алуға ұмтылған мемлекетіміздің бас көтетер азаматтары, еріне демеу болған халқы үшін де аянып қалмақ емес. Осы орайда ел арасындағы әлеуметтік жағдайды оңалту барысында жер-жерлерде көпшіліктің көмегімен бір реттік әлеуметтік көмек көрсету арқылы түйінді мәселелер өз шешімін табуда.
Сондықтан «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, еліміз тыныш, халқымыздың ауызбіршілігі мол болса біз бұдан да жоғары деңгейде өмір сүретін боламыз. Бұл сөзіміз артындағы халқына қарайлай жүретін азаматтарымыздың құлағына алтын сырға болар деген ойдамыз.
Ал, Базарбай Зубайдуллаұлының бұл ісі жалпы түркістандықтарға таңсық емес. Бұған дейін де несібесін көппен бөлісіп келген жомарт жүректі жанның қолға алған бүгінгі шарасы, өзінің облыстық мәслихат депутаттығына сайланған аймағындағы тұрғындарға жасап жатқан шарапатты ісінің бір бөлігі десек артық айтқандық болмас. Алайда қала әкімі Қ.Молдасеитов тұтатқан ендігі «эстафета» алауын кім қолына алар екен…?

 Базарбай Мұсабеков, облыстық мәслихат депутаты: » Мен осы қасиетті өңірдің азаматты ретінде әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қол ұшымды беруді перзенттік парызым деп санаймын. Сонымен бірге, айта кетерлігі қала әкімі Қ.Молдасеитов мырза осындай қайырымды іске жақын адам. Сол кісі осында қызметке келгелі бері үлкен сауапты істердің ұйытқысы болып қана қоймай, барша жомарт жүректі азаматтарды осындай игі іс жасауға жұмылдырып жүр. Міне қала әкімінің бастамасының жалғасы ретінде мен де бүгін өз отбасымның атынан қаламыздағы 15 мектепте тәлім алатын 100 оқушыға қысқы киім-кешек пен оқу құралдарын өз қалауымен алуына үлес қосып отырмын. Осы іс арқылы оқушыларымыздың алаңдамай сабағын жақсы оқып, болашақ жастарымыздың саналы да білікті азамат болып өсуіне аз да болса үлесімді қоссам деген ниетпен жасалып жатқан тірлік.»