Қаршадай қызды қағып өлтірген, майордың ісі сотқа өтті

195
қағып кеткен қыздың соты

Өткен жылғы қараша айының 21-і күні Шымкенттегі Д. Қонаев даңғылы бойында орын алған оқиға көз көрген адамдардың әлі күнге дейін денелерін түршіктіреді. Жақында осы қылмыстық істі жете тексерген ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі Қ. Тастеміров істі аяқтап, сотқа өткізді.

Ендігі кезекте көлік рөліне спиртті ішімдік ішіп отырған, Сөйтіп 16 жасар қызды қағып өлтірген полиция майорын қандай жаза күтіп тұрғаны әзірге белгісіз болғанымен, ҚР ҚК – нің 296 бабы 2- б-бөлігіндегі және 297 бапта көрсетілген қылмысты, ҚР » Жол қозғалысы» ережелерінің 2.1,1.2,5.2,7.1,2.7,2.2,7.3,10.1 және 14.1 пунктерінің талаптарын өрескел бұзған Шымкент қалалық Ішкі істер басқармасы Абай аудандық полиция бөлімінің аға криминалисті, полиция майоры К.А – ға берілетін жаза жеңіл болмасы анық. Егер мұның бәрі сотта өз дәлелін тапса.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға былай өріс алған болатын. Шымкент қаласының тұрғыны, 10 сынып оқушысы Атажанова Динара өзінің құрбысымен Қажымұқан атындағы орталық стадионға жаттығуға бара жатқан жолда, яғни Ватутина көшесінің қиылысында қатты жылдамдықпен келген мемлекеттік нөмірі Х128ОАМ «Ауди» көлігі Атажанованы қағып, оқиға орнынан бой тасалап, қашып кетеді. Оқиғаны көзбен көрген бір көлік жүргізушісі қашқан көлікті қуып, Рысқұлов көшесіне жеткізбей ұстайды.

Сот- автотехникалық сараптамасының №3050 санды қорытындысына сәйкес » Қарастырылған жол-көлік оқиғасы жағдайында м/б Х128 ОАМ «Ауди» автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншінің қозғалу сызығына дейін тежелуді қолдану арқылы қызды қақпауға техникалық мүмкіндігі болған, жол-көлік ережелерін сақтай отырып көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен жүргізуі керек еді. Жаяу жүргіншіні байқаған мезетінен жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе қозғалысқа басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, оны айналып өтуге шаралар қолдануы тиіс болатын және жаяу жүргіншілер өтпесі бойымен өтіп келе жатқан жаяу жүргіншіге жол беруге міндетті еді»- дейді ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Шырынбек Оңғаров.

Айыпкерді наркологиялық диспансерге апарып, масаңдықты куәландырған кезде 1,45 промиллді көрсеткен. Бұл орта түрдегі масаңдыққа жатады. Ал, сот- медициналық сараптамасының №03/1162 санды қорытындысына сай, Атажанова Динара қатты соққыдан алған ауыр жарақат салдарынан қайтыс болған.

Осылайша , келешегінен зор үміт күткен қаршадай қыздары қайғылы қазаға ұшыраған бір отбасы қара жамылып қала берді. Ал, өзі заң қызметкері бола тұра, заңсыз әрекетке барған полиция майорына тиісті жазаны сот кеседі.