Бағдаршамға бағынбайтындар көп

878
светофор

Көше қозғалысы мен жол қауіпсіздігіне келгенде бағдаршамның атқарар рөлі ерекше. Ол болмаса көлігі көп қалаларда ұзын-сонар кептеліс орын алып, арты қайғылы оқиғаларға ұласып жатады. Жол қозғалысын реттеп отыратын бағдаршамдар, басқа жақты қайдам, біздің облыста жетіспейді.

Бір ғана Шымкент қаласының өзінде 138 бағдаршам орнатылған, оның 132-сі жұмыс істейді, қалғандары тозған. Айтпақшы, олардың ішінде 49 бағдаршам өткен ғасырдың 70-80 жылдары орнатылған. Яғни, жүйесі ескі. Қалған 83 бағдаршам 2006-2011 жылдары орнатылған.
Мысалы, 2007 жылы 26 бағдаршам орнатылса, 2009 жылы 6 бағдаршам, 2010 жылы 24, ал өткен жылы 27 бағдаршам қойылған.

Бұл Шымкентте бағдаршамдар мүлдем жаңартылмайды дегенге қарсы айтар уәжіміз. Алайда, мәселе сол бағдаршамға бағынатын жүргізушілердің аздығында болып тұр. Тіпті қомақты қаржыға орнатылған мемлекет дүниесін аяқ асты етіп, соғып, қиратып кететіндер қаншама. Шымкенттік жүргізушілер бағдаршамға емес, жол сақшысының ала таяғына бағынғанды жөн көреді. Яғни, жүргізуші мәдениеті мүлдем сақталмайды. Содан барып, облысымыз ең қауіпті жол айдарындағы алғашқы орынды жол апатының көптігінен жеңіп алып отырады.
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан істер аз емес. 2007-2011 жылдар аралығында 930 арнайы кедергі белгілілер жол бойына жақын орналасқан 63 мектеп маңына орналастырылған. Жылдамдықты өлшеу құрылғысының да қатары жыл санап өсуде. Қазір қалада 22 дана осындай құрылғы бар. Бұл да болса, қауіпсіз жолды қалыптастыруға жасалып жатқан игі бастамалар.

Жол полициясы басқармасының техникалық бөлімінің маманы Данабек Мырзабеков:» Облыс орталығындағы бағдар­шамдардың ішінде Кеңес Одағы кезінде қойылғандары да бар. Қолдан келгенше жаңартылып жатыр. Бірақ, басым бөлігі бюджет қоржынына байланысты. Бағдаршам қоюды жеке фирмалар жүзеге асырады. Неге десеңіз, жергілікті әкімшілікте мемлекеттік тапсырыс ұйымдастырылады. Ал жол поли­ция­сы қызметкерлерінің міндеті – қай жерге бағдаршам қажет, соны анықтап, ұсыныс айту»-дейді.
Ия, бір бағдаршамның өзіне әжептеуір қаржы керек-ақ. Осыдан бес-алты жыл бұрын бір бағдар­шамның құны 1 миллион теңгеге бағаланған еді. Қазір де осы баға. Еліміз­ге әкелініп жатқан бағдаршам нарығында ресейлік «Электро­прибор Владимир» зауытының мерейі үстем. Бұл зауыттың өнімін тек біздің ел ғана емес, ТМД елдерінің басым бөлігі тұтынады екен. Өйткені сапасы жоғары. Оның үстіне заманауи үлгідегі модельдерімен жабдықталған. Жүруге болады деген жасыл түс жанғанда, адам­ның суреті шығады, сондай-ақ қанша уа­қыт­тан кейін жүруге болатынын ескертетін секундомері бар. Сондай-ақ қарапайым түрлерінен бөлек көзі көрмейтін жандарға арналған дыбысты бағдаршамдар да қойылып жатыр. Бұл қасына үнемі жол сілтеуші алып жүретін жандар үшін қолайлы болмақ. Енді бағдаршамға бағыну тәртібін сақтап, жүргізуші мәдениетін қалыптастырсақ болғаны.

Артық болмас білгенің…
Ең алғашқы жол белгілері автокөліктерге емес, жаяу жүргіншілерге арналыпты. Жол белгілерінің ережелерін ең алғашқы болып ел билеуші – Юлий Цезарь ойлап тапқан. Бір-екі ғана белгі болғанымен, оның ішіндегі ең қызықты бұйрығы – қандай көлік болса да, әйелдердің жүргізуіне тыйым салған. Оны заңмен бекіткен. Яғни осы заңға бағынбағандарды жазалайтын болған.

Көлік қозғалысын реттейтін алғашқы бағдаршам 1927 жылы пайда болған. Йэльсек университетінің оқытушысы, ғалым Гарри Хау жасап шығарған бағдаршам 1928 жылы Коннектикут штатына қойылған. Одан кейінгі бағдаршамды Чарльз Адлер атты өнертапқыш жетілдіре түскен. Ең алғашқы бағдаршамдардың құрылысы да қызық болатын. Олардың бір түстен екінші түске ауысуы үшін жүргізушінің өзі белгі беріп, содан кейін ғана бағдаршамға орнатылған арнайы белгі беру будкасынан жүруге рұқсат деген белгіні күтетін болған. Бұл өте көп уақытты қажет етеді.