Тағдыры тәлкекке түскен келіншек айналадан жанашыр іздейді. Мұңын тындап, қол ұшын берер жан табыларына сенеді. Әттең, ақыры осылай боларын білгенде…Енді барлығы да кеш. Тек ұл-қызынан ажырап қалғысы келмейді. Күйеуімен баяғыдағыдай жарасымды жанұя жылуын қайта қалпына келтіргісі бар. Ол мүмкін бе?
Редакцияға келген Розаны (есімін өзгертіп алдық. Кейіпкеріміздің өтініші бойынша тұратын ауылын да атамауды жөн көрдік — автор) түсіну бізге қиынға соқты. Алғашқыда «маған көмектесіңіздерші, мені 5 бала-шағамнан айырып жатыр» деп зарлай жөнелген келіншекті бізге, газет редакциясына келуіне не итермелегенін білмей дал болдық. Зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан біреу-міреу бар болса құқық қорғау органдарына баруы керектігін айтып, жөн сілтемекке талпындық. «Жоқ, бармаймын ол жаққа. Олар күйеуімді қамап қояды. Керек емес»,- деп оған да көнгісі жоқ.
Сөйтсе-е-е-ек, жанын ұғар жанашыр іздеген келіншек, шер тарқатқысы келеді екен. Жақын-жуығы түгел бұдан безінген. Жолы болмайтын кесір келін атанған.
«Тым болмаса сіздердің газеттеріңіз арқылы ел менің зарымды оқып, ойланса екен. Маған не істеуіме болатынын айтып, жөн сілтесе екен. Мен сияқты қаншама әйел бар. Соларға сабақ болсыншы…»,-дейді егіліп.
«Бәріне енем кінәлі…». Роза ұзақ ойланып, үнсіз отырды. Сосын іш-құса болған жан қыстығып отырып, ентігін баса алмай солқылдап кеп жыласын…Расын айтсақ, белгісіз жанның бұл қылығынан безіне бастадық. «Түсініңдерші…бес баламды қимаймын… Күйеуім малмен айналысады. Базардан тоқты алып, екі апта баққан соң сатып, орына екі бас тағы тоқты алып, малдың басын көбейтті. Жалғыз сиырды 5-6-ға жеткіздік. Сүтін сауып беруге көрші келіншектерді де жалдай бастадық. Тұрмысымыз оңалып, жағдайымыз жақсы еді. Өзбек келіншектерге өткізіп, сүт, қаймақтан да ақша жасап отырғанбыз. Мен өзім мектепте мұғаліммін. Табысымыз бес-бала шағамызды асырауға жететін-ақ. Бизнес бастаймын деп, күйеуім қоймай банктен несие алдыртты маған. Бюджеттік мекемеде қызмет ететіндіктен маған несие алу оңайға түсті. Шаруамызды домалата бастағанда қайынсіңлімнің күйеуі көлік апатына ұшырады. Ол екі ауылдың ортасына жолаушы тасымалдап, таксист болып күнелтетін. Қатты жылдамдықпен келіп, қарсы бетке шығып кеткен. Жоғары маркалы көлікпен соқтығысқан. Ол көліктің алдында отырған жас бала қайтыс болды. Күйеубаламыздың аяғы сынып ауруханаға түсті. Көлік апатына біздің күйеубаламыз кінәлі болғандықтан зардап шегуші жақ баласының құнын, көліктің ақысын талап ете бастады. Полициядан да құтылу керек. Не керек, енем миымды жей бастады. Тағы да басқа банктен несие әпер деп. « Олар жаңадан үй болып жатқандар. Шағын үйлері банкке қойғанға жарамайды. Сендердің малдарың бар, күнелте аласыңдар, аналарға көмектесіңдер» деп тұрып алды. Күйеуім анасының сөзін қолдады. Екі бірдей несиені пайызымен қайтарудың оңай шаруа еместігін ойласам да, амал жоқ көмектесуге келістім. Сіңліме «маған несие әперші» деп көндірдім. Алдымен қиналған ол, маған жаны ашыды ма, келісті. «Ай сайын өзіміз төлеп тұрамыз, әперсең болды» дедім. Күйеубала түрмеден қалып, бала-шағасының алдына аман-есен оралса көмектесер, барлығы жақсы боп кетер дедік.
Бұл тағдыр дегенді қойсаңызшы, несие алып, түрмеден алып қалған, операция жасатып, денсаулығын түзеткен күйеубаламыз ішкілікке салынды. Ырың-жырың боп жүріп, қайынсіңліммен ажырасып тынды. Енем кіші ұлының қолында тұратын. «Қатыны жайсыз, екі күннің бірінде ұрысып қала береміз»,- деп менің қолыма кеп кіріп алған-ды. Енді күйеуінен ажырап келген қызын екі баласымен біздің үйге кіргізіп алды. Жарайды, кең болсаң кем болмайсың деп, шыдап бағуға тырыстым. Таңертең кетіп, кеш келемін. Үйдегі малға күйеуім бас-көз болғанымен, айран-сүт сату, көрші келіншектерді жалдап, сиыр сауғызу енемнің шаруасы. Сәйкесінше, одан түсетін табыстың барлығы да соның қалтасында. Не дей аласың? Шаруаны бақылап отырған соң, үндемедік. Еңбегі бар ғой, деп. Ал мен айлығымның барлығын банктегі несиемді жабуға беріп келемін. Үйдің берекесі кете бастады. Қайынсіңлімнің балаларымен менің балаларым сөзге келіп, тіпті төбелесіп қалуы жиіледі. Енем ондайда әрине, қызының балаларына болысады.
Не керек, бір күні жұмыстан келсем күйеуім, «ертең нотариусқа барамыз, 1-2 сағатқа жұмысыңнан сұранып шық» дейді. Не үшін десем….
(мақаланың толық нұсқасын «Оңтүстік Рабат» газетінін 4-нөмірінен оқи аласыз)