Балабақша кезегі жылжып жатыр ма?

509
кезекке туру барысы

Шымкент қаласында мектепке дейінгі жастағы 110 308 бала бар. Оның 26 978-і ғана мектепке дейінгі мекемелерге тартылған. «Балапан» бағдарламасы бойынша 3-6 жас аралығындағы 25 478 бала бөбекжаймен қамтылған. Ал 45 мың бала балабақша кезегінде тұр. Олардың ата-анасын кезектің жылжуы алаңдатып отыр.

Өткен, яғни 2011 жылдың еншісіндегі 45 мың бала биылғы жылдың кезегін бастап тұр. Ұлу жылы басталғалы бері бұл тізімге үмітпен келіп, тіркеліп жатқандары тағы бар. Бұл кезек осыдан жеті жыл бұрын, яғни 2005 жылы түзілген. Оған дейін азаматтар кезекке тұруды білмейтін, десе де араға екі-үш жыл салысымен-ақ кезекке тұрушылардың саны күрт өсті. Бұны бала санының артуымен салыстыратындар бар. Былтырдың өзінде облыс бойынша дүниеге 77 319 сәби келді. Олардың көшін шымкенттік балақайлар бастап тұр. Яғни, Шымқалада 2010 жылы — 26 832, 2011 жылы — 29 690 бала д8ниеге келген. Сол себепті болар, қалалық білім беру бөліміне келіп, балабақшаға барам деп тіркелгендер саны 111 мыңнан асып жығылады. Олардың арасында күні кеше ғана перзентханадан шыққан шақалақтар да бар. Бұл өте орынды шешім дейді сала мамандары, өйткені сол шақалақ екі жасқа толады дегенше, кезегі де жақындап, балабақшаға еш кедергісіз бара алатын көрінеді.

Шымкент қаласының тұрғындары балабақшадағы орынға халыққа қызмет көрсету орталықтарында және әр сәрсенбі мен бейсенбі күндері қалалық білім беру бөлімінде кезекке тұра алады. Халыққа қызмет көрсету орталығы, бұл қызметті білім бөлімінің өтініші бойынша енгізіп отыр. Сол орталықты қоспағанда білім бөліміне бір күнде 200-дей өтініш келіп түседі екен. Олардың барлығының өтінішін бір жылда қанағаттандыру мүмкін емес. Айтпақшы, балаңызды балабақша кезегіне қою үшін, өзіңіздің төлқұжатыңыз бен балаңыздың туу туралы куәлігі, тұрғын үй анықтамасы қажет. Егер мемлекеттен қандай да бір әлеуметтік көмек алатын болсаңыз, сол туралы анықтамаңызды да ұмытпағаныңыз жөн. Бұл балаңыздың кезегін ертерек жылжуына өз септігін тигізеді.

Әрине, балапандарымыздың соңғы жылдары көптеп дүниеге келуi бiздi қуантады. Дегенмен, қаладағы балабақшаларға бүлдiршiндердi жоспарлы түрде топтау жылына бiр-ақ рет жүргiзiлетiндiгiн ескерсек, саладағы сан мәселенiң орын алып отырғаны орынды. Бұл проблемаларды шешу мақсатында жоспардан тыс балаларды балабақшаларға қабылдау жұмыстарын да жүргiздi. Осыдан барып, балабақшадағы бір топта болуы тиіс 25 баланың орнына, мемлекеттік мекемелерде лажсыздан 30-40-қа барып жығылады. Ал баласының кезегін жылдап күткендер мұнымен басын ауыртып жатпайды. Іліксе болғаны. Дегенмен мемлекеттік мекемеден гөрі, жекеменшік бақшаларды қалайтындар да аз емес. Онда бір топта 15 баладан аспайды, төрт мезгіл тамағы, сапалы қызметі бар. Есесіне төлемақысы да соған лайық. Кез келгеннің қалтасы көтере бермейді.

Ал сол мемлекеттік балабақша мен жекеменшік балабақшада берілетін тәрбиеге бір сәт зер салайықшы. Жекеменшікте 15 баламен жеке-жеке жұмыс істеу тәрбиешіге тиімді. Балаға бағдар беріп, бойындағы талантын ашу тәрбиешігі оңай түседі. Олардың ата-аналарына да кеңес беріп, балаға саналы тәрбие беруде көп жұмыс істей алады. Мемлекеттік балабақшадағы тәрбиешілер ше, олар үлгере алмаймыз дегенді алға тартып, әр баламен жеке жұмыс істеудің орнына топтық тәрбиені қалайды. Яғни, кейбір ұяң балалардың айтар ойы сол күйі тұншығып қалады да, топ артында қалады. Ал олармен психологиялық тұрғыда жұмыс істеп, баланың зейінін,ақыл-ойын, есте сақтау қабілетін түйсігін тексеріп жатқан тәрбиеші жоқ. Мойындау керек, бүгінде балаларға жөнді тақпақ та үйрете алмайтын тәрбиешілер бар. Алдындағы 30 баланы игере алмай, жиі киімдерін жоғалтып, бұтын ауыстыруды ұмытып, ауыртып қоятын күтуші апайлар қаншама. Оны қойыңызшы, сол 30 баланың бәрін қамти алмайтындықтан, оншақтысымен әр мерекені атап өтуді тәрбиешілер әдетке айналдырған. Қалғандары тәрбиешінің назарынан тыс қалып, бақшаға құр келіп-кетіп жүргеніне мәз. Баласының алып жатқан тәрбиесіне мән беріп, тәрбиешіден талап етіп жатқан ата-ана да жоқтың қасы.

«Балапан» бағдарламасы мәселені шеше ала ма?
«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында Шымкентте ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр-ау. Бірақ оның балабақша төңірегіндегі түйткілді мәселелерді шешіп жатқаны шамалы. Бір-бірімен жарыса бой көтеріп тым қысқа аралықта ашылып жатқан бұл балабақша ғимараттары бір қарағанда көз тартарлықтай. Десе де, құрылысы сыр беріп үлгергендері де жетерлік. Биыл ғана ашылған балабақшаны келер жылы қайта жөндеу әдетке айналып барады. Бұрын ше, бұрын кеңес уақытында бой көтерген ғимаратты араға 30-40 жыл салып барып, жөндейтін едік.

Хош, айтпағым бұл емес. Кезектегі балдырғандардың «Балапан» арқылы бақшамен қамтылуы. Сонымен саралайық, бағдарлама барысында Шымкент қаласы әкімдігі мен білім бөлімі тарапынан 2010 жылы 39 мектепке дейінгі мекемелер ашылып, 3432 бала қамтылыпты. Сөйтіп, балабақшалар саны — 157-ге жетіпті. Оның 72-сі мемлекеттік балабақша болса, қалған 51-і жекеменшік, ал мектепке дейінгі шағын орталықтар саны — 34.
Ал 2011 жылы Шымқалада ауқымды істер атқарылды дейді сала мамандары. Олардың айтуынша, әлеуметтік серіктестік арқылы №25 «Қарақат» балабақшасы ашылып, бұрынғы екі балабақшаның ғимарат №27 және № 81 бастауыш мектеп-балабақша қайта бөбекжай болып құрылыпты. Сонымен бірге жұмыс істеп тұрған бастауыш мектеп балабақшаның жанынан жаңадан 4 топ қосылып, «Ақжайық», «Воршилов», «Чапаев», «Азат», «Сәуле» елді мекендерінде 320 орынды жаңа 5 балабақша пайдалануға берілді. «Балапанның» қала сыртындағы бөбектерді қамтығаны қуантатын жәйіт екен. Енді сол маңдағы балдырғандар түгел қамтылса, нұр үстіне нұр болмақ. Бұған жаңадан ашылған 10 жекеменшік балабақша мен №68,72 жалпы мектептер жанынан ашылған шағын орталықтарды қосыңыз. «Мойындау керек, мектепке дейінгі ұйымдар тапшылығын шешуде меншік нысанына қарамау тиімді. Оларға мемлекеттік тапсырыстар арқылы бала орналастыру да өз септігін тигізуде. Биыл дәл осы мақсатта республикалық қаржыдан бөлінген бюджеттен 28 жекеменшік балабақшаға 1700 бала орналастырылды»,- дейді қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Гүлзина Ерсейітова. Ия, «Балапан» бағдарламасының арқасында балабақшаларға көңіл бөлініп, жергілікті жерлерде оларды қаржыландыру жұмысы жылдан-жылға жақсарып келеді. Облыс көлемінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйелерін жетілдіру бағытында биылғы жылы біршама жұмыстар атқарылыпты. Ауылдық жерлерде ата-аналар балаларын балабақшаға беруге қолдары жетті. Бұрынғы жабылып, сатылып, басқа мақсатта қолданылып кеткен, балабақшалар қайта қалпына келтіріліп, жаңадан балабақшалар ашылуда, сондай-ақ аз қаржыны талап ететін шағын-тәрбие орталықтар, жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыспен балалар тәрбиеленуде. Республикалық, жергілікті бюджеттерден қаржы қарастырылып, өзге де жарамды ғимараттар күрделі жөндеуден өткізілуде.

Ал биыл, яғни 2012 жылы «Балапан» бағдарламасы кезекте қалып қойған 45 мың балдырғанның мәселесін шеше ала ма?
Әзірге, жоқ. Өйткені кезектегі балаларды қамту үшін әлі талай балабақша керек. Сол себепті барды қанағат тұтып, биыл бой көтеретін 3 балабақша құрылысын сапалы болсын деп тілейік. Сондай-ақ, ұлу жылы бұрынғы екі балабақша ғимараты қайтарылып, жұмыс істеп тұрған бастауыш мектеп балабақшалардың жанынан жаңадан 8 тобы бар бақша ашылмақ.