Оңтүстіктің кеденшілері былтыр ортақ қамбаға қаржыны еселеп құйған

ОҚО кеденшілері республикалық қазына қорын 36 миллиард 567 миллион теңгеге толықтырды. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 50 пайызға көп екен.

ОҚО Кедендік бақылау департаменті қызметкерлерінің сөзінше, Өзбекстаннан әкелінетін жеміс-жидек өнімдері былтырғыға қарағанда бес-алты есе өскен. Соның нәтижесінде қосымша құн салығы артып, ортақ қамбамыз молайып отыр. Және департамент тарапынан берешектермен жұмыс жақсы істеліп, 4 миллиард теңгеге жуық ақша келіпті. Өз кезегінде мұнайдың да экспортталуы жоғарылап, қаржының молаюына айтарлықтай септігін тигізген.

Өткен жылы кедендік рәсімдеуден 35 мың жеңіл көлік пен 37 мың жүк көлігі, 1072 әуе кемесі, сондай-ақ, 1384 жолаушылар пойызы өткен. Одан бөлек, Қытайдан келетін халық тұтынатын тауарларға бақылау күшейтіліпті.

Баян Жармұхамбетова, ОҚО Кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы: «2011 жылы контрабандаға қарсы күрес бағытында департамент қызметкерлері 64 қылмыстық іс қозғады. Бұл істер бойынша жалпы құны 45 миллион теңгені құрайтын тауарлар мемлекет пайдасына тәркіленді. Ал 2010 жылдың есеп беру кезеңінде тәркіленген тауар сомасы 35 миллион теңгені құраған болатын».

Кедендік тексерудің қорытындысына сәйкес 15 қылмыстық және 10 әкімшілік іс қозғалған. Оның ішіндегі әкімшілік айыппұл өндірілуі 5 милион теңгені құрапты.