Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Сарыағаш ауданындағы «Жібек Жолы» шекаралық бақылау бөлімінің жұмысымен танысты.
Шекарашылар ҚР-на кіргізуге тиым салынған заттарды анықтап отырады. Олардың мұндай қадағалау жүргізуіне бар жағдай жасалған. Заманауи жарақталған бөлімде соңғы үлгідегі жабдықтар орнатылған.
Бақылау бөлімінде көлік құралдары, поезд вагондары мен ұшақтардың ең қиын бөліктерін қарауға арналған айна құрылғылар қамтамасыз етілген. Есірткі заттарын анықтайтын техникалармен қатар, 8 маман мен 10 үйретілген ит бақылау жүргізеді. Олар сөмкелердің ішінде күдік тудырған заттарды да анықтай алады. Сенаторлар жолаушылар терминалындағы паспорттық бақылау қызметтерінің жоғары дәрежеде атқарылып жатқанына куә болды.
Бұл жерде компьютер арқылы сөмкенің ішіндегі темірлер мен қару жарақты да анықтау мүмкіндігі бар. Мұнымен қатар, адамның қалтасындағы темір-тесек немесе қару жарақ көрініп, электронды тіркеуге алынады.
«Қапланбек» кеден бекетінде 15 минут ішінде көліктердің қандай затпен өтіп жатқандығын анықтауға болады. Жолаушылар мен көлік құралдарының екі ел арасындағы қатынасы үшін барлық жағдай жасалған.
ҚР Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне мүше депутаттары «Әлеуметтік -экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Елбасының биылғы Жолдауын Сарыағаштықтарға түсіндірді.
Мемлекет бюджетінің төрттен бір бөлігін құрап, қомақты салым түсіретін кеден қызметі жүйелі жолға қойылған. Қонақтар осыған көз жеткізді.