Бүгін Шымкентте таңертеңге дейін толассыз жауған қардан көлік қозғалысы аса қиындаған жоқ. Дегенмен, бірқатар орталық көшелерде құм мен тұз себілмеген тұстар да кездесті. Мәселен, қаладағы Д.Қонаев даңғылы, Қазыбек би көшелерінің соңғы бөлігінде ешқандай жұмыстар жүргізілмегені көрініп тұр. Жаяу жүргіншілердің жағдайы тіптен қарастырылмаған да. Жол жиегіндегі кедергілердің тазаланбағаны соншалық, көрінбей де қалған.
Дегенмен, аялдамаларды «ЛТД-Тұрмыс» мекемесінің жұмысшылары ретке келтірген. Олар бұл маңайдағы үйілген қарды қол күшімен тазартты. Жұмысшылар бұл істі таңғы сағат бестен бастапты.
Ал бұл кезде қатты аяз салдарынан Қазақстанның бірқатар аймақтарында жолдар жабылыпты. Бұл мәліметтерді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Астанада ауа райының бұзылуына (температураның төмендеуі) байланысты 30 қаңтар сағ. 19:30-дан бастап барлық бағыттар бойынша дизель және қоғамдық автокөліктер үшін қозғалыс тоқтатылды.
Ақмола облысында ауа райының бұзылуына (температураның төмендеуі) байланысты 30 қаңтар сағ.19:30-дан бастап барлық бағыттар бойынша дизель және қоғамдық автокөліктер үшін қозғалыс тоқтатылды.
Павлодар облысында ауа райының бұзылуына (температураның төмендеуі) байланысты 30 қаңтар сағ.16:00-ден бастап барлық бағыттар бойынша автокөліктердің барлық түріне қозғалыс тоқтатылды.
Қарағанды облысында ауа райының бұзылуына (температураның төмендеуі) байланысты 30 қаңтар сағ.17:20-дан бастап Молодежный-Павлодар а/ж телімінде автокөліктердің барлық түріне қозғалыс тоқтатылды.
Жамбыл облысында ауа райының бұзылуына (қарлы боран, жолдың нашар көрінуі) байланысты 30 қаңтар сағ.15:40-тан бастап республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент» жолында (525-590 шақ, Шақпақ асуы, ОҚО-мен шекараға дейін Айша-Бибі) автокөліктердің барлық түріне, сағ.17:00-ден бастап жергілікті маңызы бар «Күйік – Қарабастау», «Қаратау – Жаңатас» автожолында автокөліктердің барлық түріне қозғалыс тоқтатылды.
Оңтүстік Қазақстан облысында ауа райының бұзылуына (қарлы боран, жолдың нашар көрінуі) байланысты 30 қаңтар сағ.16:00-ден бастап республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент» жолында (593-606 шақ, Шақпақ баба асуы) автокөліктердің барлық түріне қозғалыс тоқтатылды.
Дегенмен, еліміздегі көлік қозғалысы шектелген бірқатар республикалық жолдар да ашыла бастады.
Бұл туралы «Қазақавтожол» РМК баспасөз қызметі хабарлады.
Кеше Алматы облысы аумағында қардың қалың түсуіне байланысты көлік қозғалысы шектелген «Алматы-Өскемен» жолының Қапшағай-Талдықорған аралығы, сондай-ақ Үшарал-Шығыс Қазақстан облысы шекарасы учаскесі бүгін таңертеңнен бастап ашылды.
Шығыс Қазақстан облысы өңіріндегі қатты аязға байланысты кеше кешқұрым ШҚО аумағында жолаушылар мен дизельдік отынмен жүретін көліктің қозғалысына тыйым салынған болатын. Бүгін сағат 07:00-ден бастап көлік қозғалысы қалыпты тәртіпте жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, кеше кешке Жамбыл облысындағы қатты боран салдарынан жабылған «Алматы-Ташкент-Термез» жолының Айша бибі-ОҚО шекарасы аралығы да бүгін таңертең ашылды.
Бұдан бөлек, 30 қаңтарда сағат 16:00-ден бері Оңтүстік Қазақстан облысы өңіріндегі боранға байланысты жабылған «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының «Шақпақ баба-Жамбыл облысы шекарасы» учаскесінде бүгін 08:00-ден бастап көлік қозғалысы қалыпты режімге көшірілді.
Алайда, кеше Ақмола облысындағы қатты аяз салдарынан жолаушылар және дизельдік отынмен жүретін көлік қозғалысы шектелген «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолының Ерейментау-Павлодар облысы шекарасы аралығы, сондай-ақ Астанадан барлық бағыттарда жолаушылар және дизельдік отынмен жүретін көліктердің қозғалысы әлі жанданған жоқ.
Мұнымен қоса, Қарағанды облысында ауа температурасының төмендеуі салдарынан барлық көлік түрлерінің қозғалысына тыйым салынған «Қызылорда-Павлодар» автожолының «Қарағанды-Павлодар облысы шекарасы» аралығы да ашылған жоқ.