Сайрам ауданына қарасты Жаңаталап ауылының тұрғыны Құттыбай Мүсірәлиевтің отбасы бір күнде үйсіз қалды. Жаңаталаптағы мешіттің бір бөлмесін паналап отырған оралмандар үй салу үшін қайырымды жандардан көмек күтеді. Өйткені мемлекет тарапынан көмек жоқ.
15 қараша күні болған тосын өрт оралмандар отбасының бар мүлкін шарпыған. Ол күні жұмыста болған отағасы кешігіп, қапы қалғанын айтады. Тілсіз жауды көріп абдырап қалған Құттыбай Мүсірәлиевтің ұлдары тек үйдегі құжаттарды ғана алуға шамасы келіпті.
Құттыбай Мүсірәлиев, жәбірленуші: «Өрт болып жатқанда үлкен балам терезені сындырып, құжаттарды алып шыққан. Сосын маған хабарласып шақырды. Артынша, өрт сөндірушілерге менде телефон шалып, өзім жұмыстан кешкі сағат 9-дарда келдім. Келгенімше, үйімнің бәрі жанып-бітіпті. Әбүйір болғанда, бала-шағамның бәрі аман.
Ол күннен бері Мүсірәлиевтер отбасының паналап жүрген жері Жаңаталап ауылындағы мешіт меншігіндегі бір бөлмелі үй. Онда да тұтынып жүрген заттың барлығын һәм 180 мың теңге ақшалай пұлды көп болып, көршілері жинап беріпті. Ал аудандық әкімдіктің бар көмегі 5612 теңге.
Айжамал Мүсірәлиева, жәбірленуші: «Көршілерге рахмет. Қолдарынан келгенше жәрдем берді. Бірақ 5 баламен мынадай суық бөлмеде отыру қиындау, әрине. Бұл жерден де көктем шыға шығыңдар дегендей әңгімелер шығып жатыр».
Отбасына қиын соғып отырғаны сол, оқиғаны мамандар төтенше жағдайға жатпайды деп шешіпті. Салдары қаржылай көмектен қағуға әкелді. Алайда мәселененің анық-қанығын сұрастырған түсіру тобына жауапты мамандар да уақыттың жоқтығын айтып, тайқақтады. Құттыбай Мүсірәлиевтің қайта-қайта хат жолдап, табанынан тозып жүргені де сол.
Жанып біткен үйден қалғаны тек күйік шалған ағаш бағандар мен үйдің қабырғасы. Олардың ешқайсысы да құрылысқа жарамайды. Ал көп балалы отбасы көктемде осы жерден жаңа баспана салып алсақ дейді. Бірақ ол үшін қол қысқа. Қайырымды жандар шықса, баспаналы болғысы бар.
Қыстың қырық күн шілдесінде далада қалған қандастарымызға қол ұшын бергісі келетіндер болса «Отырар» телеарнасының 41-02-67 телефонына хабарласып, немесе сайтымызға хат жазуына әбден болады.