Д.Қонаев даңғылы бойында жасөспірім қызды асқан жылдамдықпен қағып өлтірген экс-полицейді Рақымшылық Заңына сәйкес абақтыдан босату туралы соттың үкіміне байланысты және оның БАҚ-да заң тұрғысында дұрыс берілмеуіне байланысты әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Низамиддин Жамашов түсініктеме берді.
Сот төрағасының айтуынша, 2012 жылғы 11 қаңтарда Елбасы жариялаған «Рақымшылық» туралы Заңның 4-бабының талаптарына сәйкес, барлық қылмыстық істер, яғни онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы қылмыстық істердің бәрі қысқартылады деп көрсетілген. Сондықтан да полиция органдарындағы, прокуратура және сотқа келіп түскен істің бәрі және орташа ауырлықтағы қылмыстық істер өндірістен қысқартуға жатады екен.
Низамеддин Жамашев, әл-Фараби аудандық сотының төрағасы: «Қонаев даңғылы бойында қызды қағып кетіп, қоғамды дүрліктірген оқиғаға кінәлі экс-полицей А.Көлбаевтің ісін қарап, оны сол кезде қамауға алу жөніндегі шара қолданғанбыз. Сөйтіп, осы істі қарауды аяқтап, «Рақымшылық» Заңының талабына сәйкес қылмыстық істі өндірістен қысқарттық. Себебі, бұл Елбасының тарапынан алынған Заң болғандықтан, судья оны қолдануға міндетті болды. Алайда қазіргі жинақталған құжаттар бойынша, оның азаматтық әрекетінде әкімшілік істің құрамы бар деп отырмыз. Өйткені, оның спирттік ішімдік ішіп, мас күйде көлік құралын жүргізгені рас. Сондықтан осы істі тиісті шара көру үшін ішкі істер органдарына жолдадық. Іс материалдық, әкімшілік тараптан міндетті түрде қарауға жатады. Ал жәбірленушінің қайғысын біз түсінеміз. Сондықтан оларға азаматтық тәртіппен келтірілген моральдік, материалдық залалды өндіру жөнінде талап қою құқықтары түсіндірілген. Азамат А.Көлбаевты қылмыстық жауапкершіліктен босатқанымен, ешкім де оны азаматтық әкімшілік және азаматтық жауапкершіліктен босатқан емес».
Сот төрағасының сөзінше, «Рақымшылық» Заңына ілігу үшін бүгінгі таңда 60-тан аса материалдар келіп түскен. Олар бұрын сотталып кеткен, жазасын өтеп жатқан азаматтар. Қазір аталған істер тексерілу үстінде деді төраға. Тиісті шарттарға сай болса Заңға енеді.