Жол саламыз деп 13 млн. теңгені жымқырған

Транзиттік жол жобасы 2013 жылы аяқталады деп жоспарлануда

Облыстық прокуратура қызметкерлері мемлекет қаржысын жымқыру фактісін анықтады. Оңай олжалы болғысы келгендер «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізін салуға бөлінген қаржыны заңсыз иемденген.

Шаһар тұсынан өтетін күре жолдан үлес алғысы келген екі азамат өздеріне тиесілі жерлердің үстінен халықаралық жол өтейін деп жатыр деп құйтыртқылыққа тартқан. Пысықайлардың бірі бар болғаны он соттық жерінде «Жұмыс істеп тұрған жанар-жағармай бекеті бар» деп көрсету арқылы 12 млн. 622 мың теңге өтемақы алған.

Нұржан Төребаев

Нұржан Төребаев, Облыс прокуратурасы басқармасының аға прокуроры: «МұнайИнвестмент Групп»  АҚ-ның меншігіндегі жанар жағармай құю бекеті жер учаскесі мен  О.Авелбекованың халықаралық транзиттік жол дәлізі түспеген жер учаскесін сатып алу туралы заңсыздықтарды анықтадық».

Ал екінші кәсіпкер бос тұрған дүңгіршектертің орнында  «дәмхана орналасқан» деп құжат рәсімдеу арқылы 1 млн. 622 мың теңгені қалтаға басқан. Осылайша, облыстық автомобиль жолдары департаменті қызметкерлері мемлекеттің миллиондаған қаржысын заңсыз таратып келген. Ал қадағалаушы орган қызметкерлері қазір мемлекет  қаржысын үлестіруге араласқан заңға тұлғалардың да бұған қатысы бар жоғын тексеру үстінде.

Артықбек Пашаев, Түркістан қаласының прокуроры: «Шын мәнінде ТОО «МұнайИнвестке» қарасты ол жанар май бекеті Батыс Қытай-Батыс Европа жол дәлізінен өтпейді. Сондықтан біз оны тексеру барысында анықтап,  талап арызбен жүгіндік».

Құқық қорғау органдарының мамандары жүргізген тексеру кезінде заңсыз төленген 13 млн. теңге мемлекетке қайтарылған. Алайда келісім шарт жасасқан тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданған.

Нұржан Төребаев — Облыс прокуратурасының Басқарма аға прокуроры: «Себебі «Батыс ЕВропа-Батыс Қытай» траниттік жолының жобалау сметалық құжаттары өзгерген. Өзгеріс енгізілгеннен кейін аталған жер учаскелері жол үстіне түспейтін болып қалған».

Айта өтейік, халықаралық жол құрылысы 2009 жылы бастау алған болатын. Ал Қазақстан аумағында жолдың жалпы ұзындығы 3000-ға жуық шақырымды құрайтын жобаның құрылысы 2013 жылы аяқталады деп жоспарлануда.