Қатты аязда шымкенттік ондаған отбасы көгілдір отынсыз қалды

244

Шымкенттің көптеген аудандарында газ реттегіш қондырғылардың біразы қатты аяздың қысымына шыдамай қатып қалды.

Салдарынан үйлерін газбен жылытатын кейбір тұрғындар әбігерге түсті. Баспанасын суық жайлаған жұрт бұл жағдай сенбі күні орын алғандықтан, көмекті кімнен күтерін білмей дал болды. Себебі қалаға газ тарататын тиісті мекемеге қанша хабарласқанымен, тұрғындар тиісті жауап ала алмапты.

Қысқы аяз күшіне енді мініп, жұртты әбігерге салып қойды. Әсіресе суықтың салдарынан көгілдір отынның қысымы тым төмендеп кеткені баспанасын газбен жылытатын тұрғындар үшін тым қиын болды. Олардың айтуына қарағанда, мұндай жағдай жыл сайын қыс айларындағы қатты суықта қайталанып тұрады екен. Қаланың көптеген аудандарында газ тапшылығы қатты сезіліп, тұрғындар біраз әбігерге түсті.

Людмила Ниязова, қала тұрғыны: «Бұл жылда қайталанатын жағдай. Тек біздің үйіміз емес, көше бойынша көгілдір отыр қысымы тым төмендеп кетті. Соның салдарынан үйімізді жылыта алмай отырмыз. Тиісті орындарға қанша хабарласқанымызбен құлақ асқан ешкім жоқ. Бұл қашанға дейін созылады екен?»

Бұл кісінің немерелері бір күннің ішінде суып кеткен үйде қалың киім киюге мәжбүр болған. Тіпті денесін жылыту үшін сығырая жанып тұрға газ плитасының жанында кезектесіп жылынып тұрады екен. Бәрінен бұрын қыстың қытымыр аязы әлі жөргектен шыға қоймаған нәресте мен онсыз да жылы жерге үйір мысықтарға қиын тиіп тұр. Ал сексен жастағы Адалят әже үшін осындай аязды күні көгілдір отынның тапшы болуы тіпті түсініксіз жайт.

Табиғаттың тосын мінезіне кейбір көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер тұрғындарының өздері де дайын болмай шықты.