Қарыз қыспағы. Шымкентте газдан ажырату жұмыстары күшейді. Бұған себеп, тұтынушылардың көгілдір отын үшін берешегін төлемеуі болып отыр. Қарызы бар абоненттерге бірнеше рет ескерту жасалғанымен, кейбірі талапты елемеген дейді мамандар. Енді оларды көгілдір отыннан ажыратуға мәжбүрміз деп отыр.
Көгілдір отын үшін берешегі бар қала тұрғындары газдан ажыратылады. Мәселен, бақылаушылар мен жауапты мамандар Абай ауданына қарасты бірнеше үйді тексеріп, берешегін уақытылы төлемегені газдан ажыратты.
ӘЛИМА ЖҰМАНАЗАРОВА, БАҚЫЛАУШЫ: «Мен бұл абонентті қыс бойы қарызын төлемегені үшін өшіргенмін. Бұл кісі қайта қосып алған. 203 мың қарызы бар».
1 сәуірден бастап QazaqGaz Aimaq филиалы тұтынған газ үшін дебиторлық берешектің өтелмеуіне байланысты 265 тұтынушыны газбен жабдықтау жүйесінен ажырату жұмыстарын жүргізді. Олардың жалпы қарыз сомасы 27 018 135 теңгені құраған. Аталған шаралар тұтынылған газ үшін берешектің төленбеуіне байланысты қабылданып отыр дейді мамандар.
АЙСҰЛУ ҚОЛДАСОВА, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жылыту маусымының аяқталуына байланысты, жаппай газбен жабдықтаудан ажырату жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 85 мың газ тұтынушыларында 1 млрд 604 млн теңге дебьютерлік қарызы бар. Алдын газбен ажыратылып, өздігінен қосылып алған тұрғындарға ескертпейміз. Кез-келген күні қайта газдан ажыратамыз».
Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, борышкерлермен түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Алайда соған қарамастан, газдан ажыратылғаннан кейін өз бетінше қайта қосып алған деректер де анықталған. Мамандар мұндай әрекеттердің заңға қайшы екенін айтады. Рұқсатсыз қайта қосылған абоненттерге айыппұл салынып, қосымша шаралар қолданылуы мүмкін.
Нұргүл Жолымбетова






