Бадам өзені жағалауындағы жүзге жуық үйді су алды

381
Жергілікті халық өз қолдарымен суды тоқтатуға мәжбүр болды

Шымкент қаласындағы Бадам өзені жағалауындағы жүзге жуық үйді су алды.

Дзерджинский көшесіндегі №20 үйдің тұрғыны Людмила екі сағаттан бері үйіне кіре алмай жүр. Оның есік алдындағы судың көлемі 40 сантиметрге дейін жеткен.

Людмила,  №20 үйдің тұрғыны: «Есік алдына аттап баса алмай жүрмін. Отбасымызбен бірге көшеде қалдық. Етігіміз де жоқ еді. Басым да ауырып кетті».

Мұндай жағдай Бозарық және Дзержинский көшелерінің бойында биыл екінші рет қайталанып отыр. Жергілікті халық қолына құрал-сайманын алып, 30-40 сантиметрге көтерілген судың ағынын тоқтатумен әлек болды.

Қатира Шерова, тұрғын: «Түстен бері осында арық тазалап, судың ағысын тоқтатумен әлек болып жүрміз. Тиісті қызметке хабарластық. Алайда әлі күнге дейін қолға алына қойған жоқ. Су көбее берсе қайда барамыз».

Сейсенбі күні белгілі болғанындай, Үшқұдық көшесін де су алған. Бұл жердегі тұрғындардың айтуынша, су бір метрге дейін көтерілгенге ұқсайды. Бадам жағалауында 1270 үй бар. Бір кештің өзінде 100-ге жуық отбасы зардап шеккен. Елді мекендегі арық атыздар толып, каналдың су арнасынан асып кеткен. Бұл апаттың болуына жергілікті халықтың өздері де кінәлі дейді елді мекен комитетінің төрағасы Исламов Тойшы.

Тойшы Исламов, «Бадам» елді мекені комитетінің төрағасы: «Жергілікті халықты да кінәлі деп ойлаймын. Өйткені, уақыт өткен сайын кейбір жерлестеріміз негізгі каналдың жеріне ағаш отырғызып, тым болмағанда шарбақпен қоршап алады. Ал көктем келгенде су қайда барады. Содан кейілп каналдың арнасына сыймай тасып жатыр».

Бұл әйелдің үйі каналдың жанында. Сондықтан оның үйііне келген шығынның көлемі көп. Жұмыла кіріссе жүк жеңілді ұққан бадамдықтар бүгін күні бойы суды тоқтатумен әлек. Жергілікті әкімшіліктен құм жеткізілді. Алайда, канал жөнделмей қалды. Демек қар еріп, жаңбыр жауса тағы да проблема туындауы ғажап емес.