«Жарық үшін артық ақша төлеуді енді қалтамыз көтермейді. Достыққа мемлекеттік трансформаторлар орнатылсын!». Абай ауданына қарасты Достық шағынауданының тұрғындары арнамыз бен сайтымызға осылай деп шағымданды. Жекенің құзырындағы электр таратқыш құрал жақында жанып кетіп, ондағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бір аптадан аса жарықсыз отырыпты.
Мәселен, осы елдімекенде соңғы 5-6 жылдан бері тұрып келе жатқан оралман отбасы, әрі ІІ-топтағы мүгедек жан Сара Әлімова араға күн салып жарықсыз отырудан әбден шаршағанын айтады. Тіпті, кешегі жарықтың берілуіне қуанған да жоқ. Өйткені ай сайын электр қуаты үшін төленетін артық ақы оның қалтасын жұқартып біткен. Өзге жұрт электр қуатына 11 теңгеден төлесе, Достықтағылар 16 теңгеден береді. Себебі жарық таратушы құрал жекенің иелегінде.
Сара Әлімова, «Достық» шағынауданының тұрғыны: «Мысалы мен 19 мың теңге зейнетақы аламын. Бұл елдімекенде менен де нашар тұратын отбасылар бар. Біз электр тогының әр киловатына 14,15, тіпті, 16 теңгеден төлеп отырмыз. Өйткенімізді қайтейік, үйіміз үш күндеп, апталап қараңғы болып қалады. Ал үйде болғанымызда теледидар мен электр шәйнектерін қоса қалсақ, айдың соңында жарық үшін төлейтін қаржымыз 2-3 мыңның үстіне шығып кетеді. Сондықтан аз ғана зейнетақымды өз басым қайда жеткізерімді білмеймін. Ортақ транформаторымызды мемлекеттік балансқа өткерсе, электр қуатының жылт-жылт етіп өшіп қалуынан құтылар едік. Әрі оған кеткен артық шығынды дәрімізге жұмсар едік».
Негізінен «Достық» шағынауданындағы 1,5 мың халық жекенің құзырындағы 20-ға жуық транформатордан жарық қуатын алады. Жарық таратушы құралдың да жарытып отырғаны шамалы. Жұмыс істегенінен, бұзылғаны көп. Оған қоса электр тогын ұрлаулышылардың әрекеті де жығылғанға жұдырық болып отыр. Жарқын мысал, жақында ғана ауылдағы транформатор жанып кетіп, елдімекен аптадан аса қараңғы бөлмелерге шам жағып отырыпты.
Шыдамы таусылған мұндағы тұрғындар өздері қалап сайлаған халық қалаулысы Талғат Әмірбековтен көмек сұрады. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты мәселені тезарада шешетініне уәде берді. Айтуынша, ол қазір сондағы жеке кооператив қожайындарымен келісімге келіп, электр қуатының үздіксіз және төмендетілген бағамен берілуіне ықпал етуде.
Талғат Әмірбеков, Шымкент қалалық мәслихатының бесінші шақырылымдағы депутаты: «Достықтағы жарық беру мәселесі мемлекеттік бағдарлама бойынша 2015 жылға дейін шешілуі тиіс жағдай. Бірақ мен осы елдімекеннің депутаты ретінде бұл түйткілді алдағы бір-екі жылда шешуге уәде беремін. Егер де осы аралықта мен сайлаушыларымның дегенін жасамасам, келесіде депутаттыққа үміткер ретінде түспеймін».
Ал қалалық құрылыс бөлімінің мамандары бұл мәселені бір жылда шешеміз деп отыр. Ол үшін тіпті жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге қаралыпты. 2007 жылы республикалық бюджеттен 94 млн. теңге бөлінгенімен, кейіннен қаржының жетпей қалуына байланысты жұмыстар тоқтап қалыпты.
Бөлім бастығы Қуаныш Рсалиев қазір қайта жобалау жұмыстарының жүріп жатқанын баяндады. Күн жылыды дегенше, жарық таратушы құралдардың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілмек. Жоспарлы іс аяқталған соң «Достықтағылар» шілдеден бастап мемлекеттік жарық таратушы құралдардың электр қуатын тұтынады деді бөлім бастығы.