27 үйдің құлау қаупі бар

287

Түркістан облысында тағы үш ауданның ауылдарын су басты. Қатты жауынның салдарынан Қасқасу өзені тасып, елдімекендерді шайып кеткен. Су тасқыны бойынша бүгін шұғыл штаб құрылды.

Табиғи апаттан келген шығын есептеліп жатыр. Топан судан зардап шеккен тұрғындардың жайы қалай? Қауіптің беті қайта ма?

Топан су алдымен Төлеби ауданын басқан. Мұндағы 6 елдімекендегі баспаналарды су шайған. Сұлтан Рабат, Достық елдімекен тұрғындары тасқыннан ең көп зардап шеккен. Алғашқы күні мұнда 70 – тен астам тұрғын үй су астында қалыпты.

Тәжібаевтар отбасы таң сәріден ауладан асып үйіне кірген сумен күресіп әлекке түскен. Белуардан су кешіп, батып кете жаздаған тұрғындар әлі де ес жия алмай отыр. Балалары мен қарияларды қауіпсіз жерге жеткізіп, отағасы үйін қарауылдап қалған.

Азиз Тәжібаев, тұрғын: «Қорқынышты жағдай болды. Қайда қашарымызды білмедік. Сағат 5:00-ден бастап су тасқынымен арпалыстық».

Ал саманнан салынған тұрғын үйлер мен жапсарлас құрылыстардан да дым қалмаған. Тасқын басталғаннан-ақ жермен жексен болған баспаналарда абырой болғанда адам болмапты. Су жүйесін реттейтін арық-атыз салудың орнына автокөлік жолын көтеріп, тұрғын үйлерді сайда қалдырған шенеуніктердің әрекетіне шағымданған жұрт бұл қауіптің болатынын сезген де екен.

Әкімдіктегілер іле-шала Көксәйек ауылдық округінде N9 колледжде эвакуациялық бөлімше әзірлеген. Онда 70-ке жуық тұрғын эвакуацияланған. Су тасқынынан қашу әсіресе балалар мен қариялар үшін қиын болыпты.

Су астында қалған Төлеби ауданына барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықпен кездесіп, қажетті көмектердің барлығын көрсетуге уәде етті. Өмірзақ Естайұлы арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан бас-аяғы 260 тұрғын үйдің аулаларына су кірген дейді. Әлі 27 үйдің құлау қаупі бар екен.

Мақпал Рысбаева