15-наурыз дүниежүзілік тұтынушылар құқығын қорғау күні. Бұл атаулы күнді 1961 жылы БҰҰ бекітіп, алғаш рет 1983 жылы аталып өтті.
Қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түлік, бүлінген бұйым сатылыпты дегенді жиі естиміз. Арзан жолмен мол пайда табуды көздейтіндер небір әрекеттерге барады. Осы орайда, тұтынушылар арасында тауарды қайтарып немесе ауыстырып алу сынды мәселелер әлі де болса маңыздылығын жойған жоқ. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңның барына қарамастан, сараң сатушылар өтірік сылтау айтып, тиісті ақшаны қайтаруға асықпайды.
«Тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды» деген жазуларды кез келген сауда орындарынан көруге болады. Алайда, бұл хабарламалардың заңсыз екенін аңқау тұтынушы біле бермейді. Тауардың арзан базарда немесе қымбат дүкенде сатылғанына қарамастан, сіздің құқығыңызды қорғайтын арнайы «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңның барын естен шығармағаныңыз жөн. «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» демекші, әрбір өндіруші немесе затты сатушы көрсеткен қызметі мен тауары үшін заң алдында жауапты.
Күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым тұтынушы ретінде қаншама рет құқығымыз бұзылса да оған аса мән бере бермейміз. Әділдікті қайдан іздерімізден де хабарсыз боламыз. Сондықтан, қолды бір сілтеп жүре береміз. Десе де, мұның барлығы біздің құқығымызды тұтынушы ретінде шектейтін әрекеттер.
Қаламызда тұтынушылардың құқығын қорғаймыз деген ұйымдар бірнеше, соның біріне жолымыз түскен болатын. «Демеу» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінде бар жоғы 3 қызметкер. Бірақ 2006 жылдан бері құрылған мекеменің істеген жұмысы ауыз толтырып айтарлық. Сотта осы ұйымнан көмек сұрап барған 100 азаматтың 99-ы жеңіске жетеді екен.
Светлана Колтышева, «DEMEU» Тұтынушылар құқығын қорғау» ҚБ -нің төрайымы: «Әділдіккке жететінініе барлығы сене бермейді. Тұтынушы өздігінен арызданып барса оңді нәтижеге қол жеткізу қиын. Оған заңды жетік білмегені де кедергі болады. Ал біздің үйымымыз айналысатын істерді мақтанышпен айта аламын барлығында дерлік жеңіске жеткенбіз».
Шымкенттік тұрғын Еркін Жүсіпбеков мұндай тұтынушылардың құқығын қорғайтын ұйымның бары жайлы танысынан естіп келіпті. «Самал» шағын ауданының тұрғыны газ есептегіш құралының сапасыз әрі проблемасы көп машақатымен әуреге түскен. Яғни, оған бір айда қыс бойы жаққан көгілдір отыны үшін ақылға сыймайтын соманы (50 мың теңге) төлеу туралы хабарлама келген.
Еркін Жүсіпбеков, құрылысшы: «Менің мұнда бірінші рет келуім. Көбіміздің заңды біле бермейтініміз бар. Осы арқылы әділдіккке жетем бе деп келдім».
Еркін аға секілді өз шағымын http://otyrar-tv.kz сайтына да жолдайтындар бар. Мәселен, «Ақ-Дастархан» дүкенінен сатып алған затын қайтарып бергісі келген азаматша хабарын жеткізген. Онда сатушы қабылдамай жібермекші болған. Бірақ сатып алушы сауатты екен. Сатып алған затын 14 күннің ішінде қайтарып беруіне болатындығы жайлы заңға сүйеніп, затын қайтарған. Бірақ, бұл тек саусақпен санарлық қана жағдай.