«ҚазТрансГазАймақ» АҚ ШӨФ қызметіне қатысты тергеу тағайындалды

126

Г. Седов көшесінің тұрғындары Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне шағым түсірді. Арыздарында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалының іс әрекетіне наразылығын білдірген.

Айтуларынша, тұтынушылар карточкалық төлемнен «Спутниктікке» өткенде газшылар алдын ала жасалған төлемдерді ескермеген, қайта есептеу жүргізбеген. Тұтынушылардан түскен шағымдар бойынша аталған департамент тергеу тағайындады.

Күн суығаннан бері Александр Ямщиковтың мазасы кетті. Ол, газ төлемдеріне қатысты орын алған түйіткілдердің түйіні тез арада шешілмесе, қарызға белшемізден батамыз дейді.

Айтуынша ағымдағы жылы ақпанның соңында карточкалық есептегіш құрылғылары «спутниктікке» алмастырылған. Наурызда құжаттар рәсімделген тұста «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Шымкенттегі өндірістік филиалының мамандары, «бұрынғы карточкадағы төленген қалдықтарын фотосуретке түсіріңіздер. Сол бойынша қайта есеп айырысамыз» деп уәде берген.

«Содан бері екі ортада жүгіріп жүрміз. Еш нәтиже шықпаған соң бәсекелестікті қорғау департаментіне арыздандық. Карточкада 18 мың 50 теңге қалғанын департаменттегілер көрді. Жұбайым фотосуретін түсіріп алған. Жақында төлем жасауға барса, газ шаруашылығы мекемесіндегілер сіздер қарызсыздар депті. Сонда олар бұрынғы карточкадағы төлемдерді есепке алмай түбіртек бізге бермей осылай мәлімдеме жасап тұр. Хош. Болған іс болды деп, енді тұтынған көгілдір отынға төлем жасайын деп барсам біздің Короткая көшесіндегі касса жабылыпты, Спорт шағынауданына барыңыздар дейді. «Энергопотоктағы» газға төлейтін кассалар жабылыпты. Сабылып, Әл Фараби алаңындағы банкоматқа төлейін десем ол да істемей тұр», дейді Александр Ямщиков.

Александр Николаевичтің пайымдауынша, көршілерінің карточкасында 600 текшеметрден 2 мың текше метрге дейін газға төленген сома бар екен. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент мамандары оны растап отыр.

Ернар Қосбаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «А. Седов көшесінен 100 – ге тарта тұрғыны шағымданды. Антимонополиялық тергеу жұмыстарын бастап кеттік. 2-3 күн болды. Сәйкесінше, прокуратура органдарына тіркеп, құжаттармен таныстыру жүріп жатыр. «ҚазТрансГазАймақ» өкілдерімен. Егерде оның барысында күрделі қателіктер белгілі болса ӘҚБ Кодексінің бабы бойынша хаттама толтырылып, сотқа іс жолданады».

Г. Седов көшесі тұрғындарының арызы бойынша департамент тарапынан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы басшысына хат жолданды. Мамандар, табиғи монополиялар тарапынан өзге заң бұзушылықтар анықталса құқықтарыңызды қорғауға дайынбыз дейді.

Ернар Қосбаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Егерде газшылар артық жазып, негізсіз өсім төлетсе бізге 53-42-65 телефонына хабарласыңыздар, келіңіздер. Біз Ғ.Иляьев көшесі 24 ғимаратта орналасқанбыз. Біздің есігіміз сіздер үшін ашық».

Бұл «ҚазТрансГазАймақ» АҚ жергілікті филиалдарының қызметтеріне ғана емес, электр жарығы, сумен қамтитын табиғи монополиялар субъектілеріне де қатысты жағдай. Алайда тұтынушылар да өз міндеттерін ұмытпағаны жөн, есептегішті артқа айналдыру, құрылғыны мерзімінде тексеруден өткізбеу, ережелерді сақтамау сияқты фактілерге жол бермеген дұрыс, дейді мамандар.

Шынар Оразова