Полиция жоғалып кеткен баланы аз уақыттың ішінде іздеп тапты

26
фото ТО ПД

Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын әйел хабарласып, өзінің 8 жасар ұлының мектептен үйге қайта оралмағанын айтып көмек сұраған. Полицейлер бірден тіркеуге алып жоғалған баланы іздеп табу үшін барлық күшті жұмылдырды.

Тәртіп сақшылары елді мекеннің барлық қараусыз қалған ғимараттарын, ауылға жақын аумақты түгел тексерді. Іздеуге ауыл тұрғындары қосылды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жедел-іздестіруінің арқасында 2-сынып оқушысын аз уақыттың ішінде іздеп тапты.
Белгілі болғандай, жоғалған бала мектептен шығып көше бойында ойнап жүрген. Содан бала жол үстінде ойнап жүрген өзге балаларды көріп, бірге қосыла ойнай кеткен. Полиция қызметкерлері жоғалған баланы іздестіру барысында бейнебақылау камерасы арқылы оның ойнап жүрген жерін анықтады.
Қазіргі таңда жоғалып кеткен бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман-есен қауышқан анасы баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.