Оңтүстік футболының мақтанышына айналған «Ордабасы» командасы өз тарихында алғаш рет Қазақстанның Суперкубогін жеңіп алды. «Астана-Арена» стадионында өткен шешуші ойында жерлестеріміз кеншілер қаласының «Шахтер» командасын 1:0 есебімен қапы қалдырды.
Иә, Шымкенттің командасына бұл жолы қандай мақтау айтсақ та жарасады. Команда құрамы тәжірибелі аяқдопшылармен толыққаны көзге ұрып тұр. Жігіттердің шабысы ширақ, ойын-өрнегі өзгеше.
Ойын алдында баспасөз конференциясы өтіп, бас бапкер Виктор Пасулько өз ойымен бөліскен болатын. «Бұл ойынның жөні бөлек. Тіпті, басқаша ойын-өрнегін көрсететін боламыз. Біздің жеңісімізді бүкіл Оңтүстік халқы күтіп отыр. Оның үстіне, қазір облысымызды су алып, халық зардап шегуде. Сол себептен, ойында жеңіске жетіп, жерлестерімізді бір жігерлендіріп қою ниетіміз бар»,- деген В. Пасулько сөзінде тұрды. Не бел кетеді, не белбеу кетерін түсінген ордабасылықтар бірден шабуылға иек артты. Қарсы қақпаны дүрсін-дүрсін шабуылмен тойтарыс беріп, қарсыластарының әбден мысын басты. Әсіресе, Уганда ұлттық құрамасының капитаны Эндрю Мвесигва ойында тасқамал қорғаушы екенін дәлелдей білді. Дегенмен, ойынның алғашқы таймында есеп ашылған жоқ. Үзілісте бас бапкерінің кеңесін тыңдаған футболшыларымыз екінші таймға ширығып шықты. Мойнына екі есе ауыр міндет жүктелген команда капитаны Қайрат Әшірбеков жасыл алаңда еркін ойқастады. Ойынның 58 минутында өзінен әлдеқайда бойшаң Алдин Джидичтің тұсауынан сытылып өтіп, Мокиннің қақпасынан саңылау таба білді. Есеп — 1:0. Сөйтіп, саңлақ спортшы алғашқы голын осыдан тура екі апта бұрын дүниеге келген ұлы Марданға арнады. Осыдан кейін шабуылды үдеткен «Шахтер» жігіттерінің дымы құрыды. Соңғы минуттарға дейін тас қамал қорғана білген Оңтүстіктің алымды аяқдопшылары өз жанкүйерлерін қуантты.
Сөз жоқ, Ордабасының айы оңынан туды. Былтыр тұңғыш рет Қазақстан кубогін жеңіп алған «Ордабасы» биыл тағы да ерлік жасады. Десек те, бар қуаныш марапаттау сәтінде орын алды. Кубокті кім тапсырарын күтіп тұрғанда алаңға Елбасының шыға келгені бұл ерекше жағдай еді. Әдетте, жүлделерді ҚФФ-ның вице-президенттері Сейілда Байшақов пен Олжас Абраев тапсыратын. Ел футболының тарихында жүлдені Елбасының марапаттағаны болған емес. Оңтүстік спортының бағы болар, сайыпқыран спортшыларымыз тұңғыш рет Елбасының қолынан Суперкубокті иемденді. Сонымен бірге, кубок алғаш рет Шымкентке аттанды.
Рас, өңір футболын аяққа тұрғызу үшін мол қаржы бөлініп жатыр. Облыстық футбол федерациясының президенті Асқар Мырзахметов спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, күрмеулі меселелер болса, дер кезінде шешімін табуда. Жылдан-жылға футболға бөлінетін қаржының көлемі ұлғайып келеді. Бастысы, аяқдопшыларымыз жұмсалған еңбектің қайтарымын осылайша жарқын жеңістерімен өтеп, барша жанкүйерлердің сүйікті командасына айналды.
Биылғы маусым жерлестеріміз үшін маңызды кездесулерге толы болмақ. Өйткені, Суперкубок иегеріне қай команда болмасын, тісін қайрап шығатыны анық. Ендігі бағыт — ел біріншілігінде топ жару. Сонымен қоса, ерекше атап өтерлігі — футболшыларымыз алғаш рет Еуропа алаңдарында доп тебетін болады. Жігіттер Еуропа лигасында да тәуір нәтиже көрсетуді жоспарлауда.
Оңтүстікқазақстандықтар ел біріншілігінің биылғы маусымын да жеңіспен бастады. Алғашқы ойынды «Атыраумен» өткізіп, 3:1 есебімен жеңді. Расында, әлеуеті артқан сүйікті командамыздың әзірге қарқыны қатты. Лайым солай болғай!
Ал осы кезде…
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Оңтүстіктің мерейін үстем еткен аяқдопшыларды қабылдап, жарқын жеңістерімен құттықтады. « Жеңіс жолында жігерлік танытқан спортшыларға айтар алғысым шексіз. Ел чемпионы «Шахтерді» жеңіп, Елбасының қолынан Кубокті алу — абыройлы іс. Ендігі кезекте ел біріншілігінде жүлдегер атануға жұмыс жасау керек. Біз командаға қолдан келгенше жағдай жасаймыз. — деді облыс басшысы. Кездесуде команда капитаны Қайрат Әшірбеков суперкубокті облыс әкіміне салтанатты түрде табыстады. Соңында А. Мырзахметов чемпиондарға сый-сыяпат үлестірілетінін мәлімдеді.
Тағабай ҚАСЫМОВ
«Ордабасы» командасының биылғы маусымдағы жаңа құрамы.
Қақпашылар:
№ 1 Роман Нестеренко
№ 16 Алмат Бекбаев
№ 32 Самат Отарбаев
Қорғаушылар:
№ 2 Фархатбек Ирисметов
№ 3 Эндрю Мвесигва (Уганда)
№ 4 Максим Жалмагамбетов «Астана»
№ 5 Гафуржан Сүйімбаев
№ 6 Александр Трайкович ( Сербия)
№ 14 Бағдәулет Қожабаев
№ 77 Талғат Адырбеков
№ 99 Мохаммед Арури (Тунис) «Александрия», Украина
Жартылай қорғаушылар:
№ 8 Андрей Карпович «Астана»
№ 10 Қайрат Әшірбеков
№ 12 Артем Касьянов ( Украина)
№ 15 Бекзат Бейсенов
№ 17 Мардан Төлебек
№ 20 Евгений Левин
№ 33 Қанат Иманов
Шабуылшылар:
№ 7 Роман Пахолюк «Астана»
№ 11 Мансур Гуйе ( Кот`д Ивуар) «Глория», Румыния
№ 18 Дауренбек Тәжімбетов
№ 91 Владимир Джилас (Сербия) «Ақтөбе»
Сіз не дейсіз?
Ілияс ЖОЛДАС, «Ордабасы» КФК-ның пресс-атташесі:
– Ойын өте тартысты өтті. Баспасөз мәслихатында «Шахтердің» жетекшісі В.Кумыков жеңіске жететіндеріне жүз пайыз сенімді болған еді. Алайда, біздің жігіттер ойын барысында үстемдік құрып, Кумыковтің аузына құм құйды. Яғни, футболшыларымыз арық сөйлеп, семіз шықты. Бұл жеңіспен әсте тоқмейілсуге орын жоқ. Алда жауапты сындар бар. Басты жоспарымыз — ел біріншілігінде өткен жылғы жетістігімізден төмен түспеу. Сонымен қатар, алғаш рет Еуропа лигасында бақ сынағалы жатырмыз. Сәттілік серік болса, жігіттер жерге қаратпайды деп сенемін.