Алматы қаласында #АуылФутболAwards сыйлығының лауреаттары марапатталды. Үздіктер 15 номинация бойынша анықталды. Бас демеушісі «Halyk» қоры болып табылатын #АуылФутбол жобасы ауылдық елді мекендердегі балалардың спорттан өз орнын табуына көмектесіп келеді. Ұйымдастырушылар жобаны қаржыландыру, спорттық киіммен қамту және балаларға қолайлы жағдай жасау мәселелерін шешіп отыр.
#АуылФутболAwards сыйақысы бірден 15 номинация бойынша үздіктерді анықтады. Олардың қатарында үздік футбол жаттықтырушысы, қақпашы, қорғаушы, команда, жыл футболшысы және өзге де аталымдар бар. Жеңімпаздарға еңбегі мен ауыл футболын дамытуға қосқан үлесі үшін естелік мүсіншелер мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
2023 жылдан бері #АуылФутбол жобасының бас демеушісі — «Halyk» қоры. Жоба жүзеге асқан уақыт ішінде 100 жаттықтырушы біліктілігін арттырды, 100 команда спорттық форма мен қажетті құрал-жабдыққа ие болды. Сыйлық лауреаттарының бірі — Ақтөбе облысындағы «Намыс» командасының жаттықтырушысы Нұрлан Аяғапов. Ол «Жыл серпілісі» номинациясы бойынша марапатталды.
НҰРЛАН АЯҒАПОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ «НАМЫС» КОМАНДАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: «Қаншама жылдан бері осы дайындалып, бірінші рет орын алып осы Жыл серпілісін алып отырмын 1-ші рет. Осы жобада 5 жыл жұмыс істегенмін. Алдыма мақсат қойып, Осы Ауыл футболы дейтін турнирден орын алу болып еді арын алып жыл серпілісі болып жатыр. Бірінші рет 5 жылдың ішінде».
Жыл командасы аталымы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылынан шыққан командаға бұйырды. Жас спортшыларды іріктеу кезеңінде алтын медаль жеңгендер Алматы қаласында өткен республикалық турнирге жолдама алып, Қазақстан чемпионы атанды. Бапкері Айдос Пірназар жетекшілік ететін команда 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік командасы» деп танылды. Бүгінде #АуылФутбол — елдегі ең танымал әлеуметтік-спорттық жобалардың бірі. «Halyk» қорының қолдауымен жобаға қатысушылар саны бес есеге артқан.
СЕРІК МАМБЕТОВ, «АУЫЛ ФУТБОЛ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Жылдан бері жоба басталғалы сол кезде 5-6 команда едік. Қазір 150-ге жақындап қалған шығармыз. Қазақстан бойынша. 6 жылда талай командалардың жаңағы спорттық деңгейі өсіп, мысалы, Қазақстан чемпионаттарында жүлделі орындар алып жатыр. Оның үстіне тренерлер өздерінің деңгейін көтеріп жатыр. Техникалық білім жағынан».
Жоба аясында Halyk Open Cup атты өңірлік және республикалық турнирлер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жарыстарда ауыл командалары жиі жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінуде. #АуылФутбол жобасы ауыл балаларына өз мүмкіндігін көрсетуге, ал жаттықтырушыларға кәсіби тұрғыда өсуге жол ашып, елімізде жігерлі әрі мықты жас спортшылар буынын қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Ботакөз Әнуар






