Жазы аптап, жаймашуақ күні мол Оңтүстікте қысқы спорт мектебінің ашылғанына көпшілік таңданыспен қарағаны рас. Дегенмен, аз уақыттың ішінде-ақ мектептің төл шәкірттері сары құрлық деңгейіндегі бәсекелерде жүлделі орындардан көріне бастады. Бұл төккен тердің текке кетпегені болса керек. Таяуда № 8 қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Намазбай Әбдіқұловпен тілдесіп, бүгінде өңірдегі қысқы спорттың даму барысы жайлы сыр суыртпақтаған едік.

– Намазбай аға, қысқы спорт мектебін Оңтүстікте ашуға не түрткі болды? Осы сұрақ көпшілікті әлі де қызықтырады.
– Рас, спорты дамыған ел – рухы биік, өресі кең салауатты ел болмақ. Елбасымыз да бұқаралық спортты дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Оңтүстік өңіріндегі қысқы спорт мектебінің ашылуы дер кезінде шешімін тапқан мәселе дер едім. Бұл облыс тарихындағы алғашқы спорт мектебі. Шымкент қаласының әкімі Арман Шәріпбайұлы да осы оқу ордасының ашылуына көп еңбек сіңірді. 2010 жылдың қыркүйек айында осында басшылық қызметке келгенімде қордаланған мәселелер көп еді. Спорт сарайы жарықсыз, сусыз, жылусыз күйде. Жұмысшылар жалақыларын уақытылы ала алмай жүрген. Осыны ескерген қала басшысы істің басына білікті азаматты тағайындады. Одан бері бірлесе жұмыс атқарып, шаруаны тәртіпке келтірдік. Білесіздер, былтыр Астана мен Алматыда өткен Қысқы Азия ойындарында еліміз жалпы есепте бас жүлдені иеленді. Халықаралық олимпиада комитетінің шарты бойынша Азия ойындары бір қалада өтуі тиіс болатын. Алайда, Елбасымыздың беделі арқасында тарихта тұңғыш рет Астана мен Алматыда дүркіретіп өткіздік. Сол сында Оңтүстіктің спортшылары да несібесіз қайтқан жоқ. Жібек Арапбаева күмісті иемденсе, Руслан Аблятифов қола жүлдемен оралды.
– Қандай спорт түрлерін дамытуды қолға алдыңыздар?
– Қазір шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы, фристайл, шайбалы хоккей сынды спорттың 5 түрінен балаларды жаттықтырып жүрміз. Мектепте 21 бапкер 980 жуық шәкіртке бар білген-түйгенін үйретуде. Әзірге фристайл спортынан ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жетіп отырмыз. Қысқы Азия ойындарында шәкірттеріміз 1 күміс пен 1 қоланы сыйға тартты. Балғын спортшыларымыз халықаралық, Еуропа кубоктарынан да құрқол қайтіп жүрген жоқ. Біле-білсек, фристайл қысқы спорт түрлерінің ішіндегі ең күрделісі. Мұнда үш спорттың басы біріккен. Спортшы алдымен акробатиканы, спорттық гимнастиканы меңгеріп, одан кейін шаңғыны жетік білуі тиіс. Егер осы үшеуінің бірінен осалдық танытсаң, жүлделі орынның ауылы алыстамақ. Сол себептен Жібек қызымыздың жаттығу кезінде шүмектеп тер төгіп, ерлердің өзі шыдай бермейтін қиын да, күрделі фристайлды серік еткені ерлікпен пара-пар. Иә, сыр-сымбаты үйлескен, шымыр қыздардың бұл әрекеті мақтауға әбден лайық. Сондай-ақ, бүгінде Жібектің сіңлілері де өсіп келеді. Одан кейін бізде мәнерлеп сырғанау, шорт-тректен спорты да жолға қойылған. Шәкірттеріміз ел біріншіліктерінде жасындай жарқырап, жүлделі орындардан көрінуде.
Дегенмен, қат-қат шаруаны қажет ететін спорттың қайсы түрі?
– Шыны керек, бізде хоккей спорты кенжелеп тұр. Арнайы тігілген киімдердің бағасы өте қымбат. Мәселен, Қытайда жасалған сапасы төмендерінің өзі 70 мың теңгеден кем емес. Бұл – балалар киімінің бағасы. Оның үстіне хоккей командалық ойын. Құраманы баптап, бәйгеге қосу үшін қыруар еңбекті талап етеді. Мәселен, «Ордабасы» клубының бүгінгі жетістіктері көп жыл атқарылған қажырлы еңбек пен жұмсалған қаражаттың арқасы. Сондықтан да, командадағы жас спортшыларды баптап, нағыз кемеліне жеткізу үшін әлі уақыт керек. Айталық, республикада алдыңғы қатарда жүрген ШҚО, Қостанай, БҚО, Ақмола облыстарында аталған спорт бұрыннан қалыптасқан. Ол жақтың табиғаты да қатаңдау. Десек те, қазір мектебіміздің «Бүркіт» командасы елішілік жарыстарда облыстың намысын қорғап жүр. Сонымен қатар, тау шаңғысын дамытуда да жүйелі жұмыс жасалынып жатыр. Төлеби ауданындағы «Тау самалы» шаңғы базасымен келісім жасастық.
Сіз басшы ретінде бапкерлер мен спортшыларға ең алдымен қандай талап қоясыз?
– Мен әр жиналыста жаттықтырушының, спортшының әнұранды білуін, патриот болуын қадағалаймын. Ең алдымен, әрине спортшының денсаулығы, одан кейін отаншылдық рух, соңында шеберлік деңгейіне мән беремін. Сонымен бірге, спортшылар әнұран ойналған кезде қолын кеудесіне қойып тұруы тиіс. Сондай-ақ, бізде жолға қойылған мәселе – бапкерлер мен шәкірттердің бірлігі. Бірлік болса ғана нәтиже болатыны белгілі. Яғни, ұлты орыс жаттықтырушының ешкімді алаламай, кемісітпей жұмыс істеуін жолға қойдым.
Түйіні шешілмей жатқан қандай мәселелер бар?
– Сөз жоқ, біздегі басты мәселе білікті жаттықтырушылардың аздығы. Өз ісін меңгерген білгір бапкерлерді табу өте қиын. Біздің мекеме мемлекеттік болғандықтан, жоғары жалақымен қамтамсыз ете алмаймыз. Кейбір бапкерлер 3-4 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы сұрайды. Біз ондай сомада ақы төлей алмаймыз. Ол заңға қайшы әрекет болып саналады. Әзірге, қаржылай көмек қолын созушы компанияларға, азаматтарға қол жаюға мәжбүрміз. Егер қаражат мәселесі шешілсе, барлық спорт түрі бойынша білгір мамандарды тартар едік. 200-дей спортшыға бір бапкер жетпейді ғой. Онымен қоса, олардың оқу-жаттығу жиындары, семинарларына да қаражат керек. Мәселен, Қарағанды облысындағы шағын ғана Сәтбаев қаласында екі бірдей мұз сарайы бар. Шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау спортына арналған нысанды «Қазақмыс» компаниясы сыйға тартқан. Олар айына 4 мың АҚШ долларын төлеп, Алматыдан арнайы мамандарды алдырып отыр. Ал олардың бүгінгі жетістіктеріне көз сүйсінеді. Осы сияқты біздер спортқа жанашыр, жаны жайсаң ағалардың көмегіне зәруміз.
– Болашаққа бағыттаған жұмыс жоспарыңызда қай істі тындыру ойыңызда жүр?
– Әрине, мектебімізде әлі де болса атқарар шаруа көп. Болашақта қолжетімді спорт сарайлардың ел игілігіне берілеріне сенімім мол. Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта мектебіміздің барша шәкіртін ұлттық құрама сапына іліндіруге аянбай еңбек ететін боламыз. Ал келесі – Сочи Қысқы олимпиада ойындарында төл шәкіртімізді жүлдегер ету – басты мақсатымыз.
– Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңізге жеміс тілеймін!