Шымкентте шорт-тректен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты басталды

46

Шымкентте шорт-тректен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының Чемпионаты басталды. Сайысқа еліміздің түркір-түпкірінен 186 спортшы қатысып жатыр. Тартысқа толы бәсекеден жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз ұлттық құрама сапында өнер көрсететін болады.

Шымкентте жасөспірімдер арасында шорт-тректен ҚР чемпионаты басталды. Алғашқы айналымда қостанайлық Анастасия Астраханцева жүзден жүйрік шықты. Ол елімізде 15 жасында халықаралық спорт шеберлігі нормативін орындаған алғашқы спортшы. Оның бұл спортпен айналысып жүргеніне 8 жылдан асқан. Осы аралықта Қазақстан чемпионы атанып, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап қайтқан.

Анастасия Астраханцева, спортшы: «Мен ұлттық құрама спортшысымын. Қазір 1500 метр қашықтықта бақ сынадық. Бүгінгі жарыста жеңемін деп сенемін. Себебі дайындығым жақсы. Оған қоса еліміздегі үміт күтіп отырған спортшының бірімін»

Жарысқа барлық облыс пен қалалардан 12 команда өз жүйректерін қосқан. Олардан үздік атанғандары іріктелініп, ұлттық құрамаға енеді. Ұлттық құрама жаттықтырушысы жасөспірімдердің келешегінен үлкен үміт күтетінін айтады.

Азамат Әлиев, шорт-трек спортынан ҚР ұлттық құрама жаттықтырушысы: «Бұл жарыстан жеңімпаздар мен жүлдегерлер шорт-трек спортынан ұлттық құрамаға енуге мүмкіндік алады. Ұлттық құрамаға енсе, болашақта халықаралық сайыстардан өз жас ерекшеліктері бойынша Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндік алады»

Қатысушылар чемпионатта 1000, 1500 метр қашықтықта сынға түседі. Сайыстың алғашқы күні қыздар мен ерлер арасында іріктеу кезеңі өтті. Сонымен қатар спортшылар эстафета бойынша бақ сынайды.

Бақытжан Зиябеков, №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры: «Бұл жарысқа 13-14 пен 15-16 жас арасындағы қыздар мен ұлдар қатысып жатыр. Алдымызда жастар арасында олимпиада бар. Соған оқу жаттығу жиынын өткізеді. Содан ары қарай жеңімпаздар соған қатысады. Одан бөлек әлемдік жарыстарға бару үшін дайындық»

186 шорт-трекші қатысқан чемпионат 4 күнге созылмақ. Жеңімпаздар есімі 24 күні айқындалады.