Шалғайдағы шаруаның жайы қалай?

Асыл тұқымды қаракөл қойын, түйе шаруашылығы мен қара мал, жылқы және балық өсіруді қолға алған «Түркістан» селолық тұтыну кооперативінде сондай-ақ шұжық цехы, 50 гектар бау-бақша бар.

 Жалпы, тұтыну кооперативі 2001 жылдан бері тек қана асыл тұқымды малшаруашылығын өркендетуге ден қойған. Оның құрамына «Нарбет» «Өмірәлі» шаруа қожалықтары мен «Сарыкөл», «Түркістан» СПК-лары кіреді. Бір таңғаларлығы, бұлардың барлығы бір әулетке тиесілі. Шаруаларын дөңгелетіп, ел игілігі жолында тер төгіп жүрген олардың еңбектерін көзбен көрмекке, сол арқылы ауылдағы ағайынның тұрмысын білмекке жолға шықтық.

Түркістан қаласынан 10-15 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Өмірәлі» шаруа қожалығында асыл тұқымды мүйізді ірі қара, жылқы мен 151 түйе бағымға алынған. Ойсыл қараның әлі де басын көбейту үшін қазір бірқатар жоспарлары барын айтқан шаруа қожалықтың төрағасы Өмірәлі Қарсыбай бізді өздеріндегі шұжық шығару цехына алып жүрді. Барлығы да жаңа технологиямен жабдықталған өндіріс орны тап-тұйнақтай. Шынымызды айтсақ, айдаладағы қыстау маңынан мұндай цехты көрерміз деп ойламаған болатынбыз.

Соңғы кездері тұқымы құрып бара жатқан қаракөл қойын өсіруге бет бұрған «Нарбет» шаруа қожалығында бүгінде терісі алтынға бағаланатын түліктің 5680 басы бар екен. Мұндай асыл тұқымды қаракөл қойын өсірушілер бұл өңірде некен-саяқ. Пайдасы шаш-етектен екенін аңғарған шаруа қожалығының төрағасы Жүсіпбаев Нарбет мұнымен де шектелмей, асыл тұқымды 302 мүйізді ірі қара мен 189 бас жылқы өсіруді де қолға алған. Қымыз, қымыран, айран-сүт, ет пен жүн-тері де табыс көзінің бір түрі. Түркістан ғана емес, Қызылорда, Шымкентке сатуға шығарылатын мал өнімдерінің бір бөлігі өздеріндегі шұжық цехында қалдырылады.

Айтпақшы, екі су айдынында бұлардың балық шаруашылықтары да бар. Аумағы 106 гектарды алып жатқан «Сарыкөлде» карп, сазан өсіріледі. Жылына 10 тонна балық ауланатын тоғанға жақында 35000 шабақ жіберілген. Сол сияқты, 184 гектарды құрайтын екінші су айдынында 40000 шабақ бағымға алынған. Бір жылда 15 тонна балық ауланып, сауда орындарына жөнелтіледі. Балық шаруашылығының басшылары Ерхос Жанпейісов пен Құрман Жүсіпбаев ауланған балықтың орнын толтыру үшін әр жылы осынша көлемде шабақ жіберіліп отыратындығын айтады. 40-60 мың теңге көлемінде жалақы алатын балықшылар өз істеріне әбден төселген, кәсіби маман екендері көрініп тұр.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кооперативке қарасты 50 гектар бауда жемісті ағаштардың 7-8 түрі өседі. Бірер жылда алғашқы өнімдерін бере бастайтын баудан да келер пайда қыруар болары сөзсіз. Істің көзін тауып, барлығына бас-көз болып жүрген «Түркістан» селолық тұтыну кооперативінің төрағасы Нұржан Жүсіпбаев көпті көрген, көңіліне талайды түйген азамат. Оның алға қойған жоспары да көп Қазірдің өзінде 100-ден аса адамға жұмыс тауып беріп, әлеуметтік жағдайларын түзеуге ұйытқы болған Нұржанға көпшіліктің ықыласы жоғары.

Бірақ, шешімін күтер мәселелер де жоқ емес. Бұл жөнінде аудан, облыс басшылығын хабардар еткенімен, шаруасын одан әрмен дамытуға қолбайлау болар мәселелер шешіле қоймапты. Қандай да бір қайырымдылық іс-шарасының басынан табылатын төрағаны толғандырар мәселе жөнінде біз ауылшаруашылығы бөлімінде болып, бөлім бастығының пікірін де біле кетуді жөн көрдік.

 Ердәулет Тұрапбекұлы

 Сіз не дейсіз?

Нұржан Жүсіпбаев, «Түркістан» селолық тұтыну кооперативінің төрағасы:

– Бізді ең бір қинайтыны – ауызсу. Мал ішетін де су таппай қиналамыз. Дариядан суаруға тиым салынған. Жарық мәселесі де мәз емес. Шаруа қожалықтары қаладан біршама шалғай орналасқандықтан, жол жағдайы да жақсы деп айта алмаймын. Жауын-шашынды күндері жүру мүмкін емес. Көптеген істеріміз жарыққа тәуелді болғандықтан, мұны да түбегейлі шешу керек. Меніңше, осы аймақтан жерасты суын бұрғымен шығарып, ауызсу мәселесін шешуге болады. Сонда мал да, бау да, жайылым да зәруліктен құтылар еді.

 Тәжібек Мұсаев, Түркістан аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы:

– Түркістандықтар соңғы жылдары ағын судың зардабын тарта бастағандай. Бізді сумен қамтамасыз ететін Бөген су қоймасы тура науқан қызып, өнімді баптар тұста су беруді тоқтатады. Егер ағын су жеткілікті болса, қаншама бос жатқан жерлерді кәдеге жаратар едік. Шаруа қожалықтарының да мәселелері шешілері даусыз. Су тапшылығынан құтылудың 2 жолы бар. Бірі-жақындау аймақтан жасанды су қоймасын салу арқылы тығырықтан шығуға болады. Екіншісі-Көксарай су реттегішінен Бөген су қоймасына канал тарту керек. Жаздың ортасында су қоры таусылатын қойманы осылай толтыру арқылы да мәселені шешуге болады. Бірақ, бұл жобаларды іске асыру үшін қыруар қаржы, бірталай уақыт қажет.

 Артық болмас білгенің…

Түркістан қаласы бойынша 72518 ірі қара, 35375 қой-ешкі, 7001 жылқы, 1898 түйе бар.

 Асыл тұқымды мал басын арттыру, өнімділік пен сапасын жақсарту мақсатында Үкімет тарапынан 46 млн. 407 мың 441 теңге субцидия бөлінген.

 2006 жылы қала бойынша 1 ғана асыл тұқымды мал шаруашылығы болса, бүгінде олардың саны 11-ге жеткен. Үстіміздегі жылы жеке шаруа қожалықтарындағы асыл тұқымды ірі қара малдардың толық есебі алынып, 2714 бас асыл тұқымды ірі қара мал мемлекеттік тіркелімге ендірілді.

 200 бас ірі қара малға арналған 2 мал бордақылау алаңы іске қосылып, 238 бас ірі қара сатып алынды. Биылғы жылы тірідей салмақта 12175 тонна ет, 56400 тонна сүт, 10 млн. 400 мың жұмыртқа, 736 тонна жүн өндіру жоспарланған.

 Түркістан қалалық әкімдігінің телефоны:

(872533) 41-00-5, 41-14-25