Қытай инвесторлары Түркістанға келді

73

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай делегациясымен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің достық қарым-қатынасы жайлы сөз етті. Және Түркістан облысымен арадағы сауда-экономикалық байланысты жоғары деңгейде дамыту жағын талқылады.

Кезесу барысында «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жоба аясында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Қытайдың іскер топ өкілдері бірлескен перспективалық жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытып, қазақстандық серіктестермен табысты ынтымақтастыққа үміт білдіріп, қолдау күтетінін жеткізді.

Чжен ЧАН, Қытайлық делегация өкілі:

«Біз Түркістан қаласы мен Түркістан облысында әр сала бойынша тығыз жұмыс істеп, іскер байланыс құрып, содан жақсы нәтиже шығаруға сеніммен келіп отырмыз. Оның ішінде экономика, сауда, өндіріс және оқу ағарту саласы бойынша бірлескен жұмыс істеуге дайынбыз. Қазақстан мен Қытай арасында көптеген сапалы әрі салмақты жобаны осы өңірде іске асырғымыз келеді. Бұған сіздер қолдау көрсетесіздер деп сенемін».

Ал өңір басшысы Дархан Сатыбалды аспан асты елінің өкілдерін өңдеу өнеркәсібі, тері өңдеу, электротехника, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сынды салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Және көршілес ел өкілдерінің білім саласы бойынша жасаған ұсынысына қоладу көрсететінін жеткізді.

Дархан САТЫБАЛДЫ, Түркістан облысының әкімі:

«Облыс аумағында қытайлық компаниялардың қатысуын арттыруды жоспарлап отырмыз. Біз облыстымызда жұмыс істеуге келген әр инвесторға жағдай жасаймыз. Мен өзім әр инвесторға өзімнің жеке телефон нөмірімді беріп, өзім хабарласып отырамын. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз». 

Айта кетейік, Қытай делегациясы ең алдымен халық сұранысына сай сала бойынша жұмыс бастайтынын атап өтті.