Бүгін халықаралық мұражайлар күні. Осы күні бүкіл әлемдегі мұражай қызметкерлерінің барлығы өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Халықаралық мұражай күні күнтізбеде 1977 жылы ICOM-ның (International Council of Museums — Халықаралық мұражай кеңесі) кезекті отырысында осы мерекені бекіту туралы ресейлік ұйымның ұсынысы қабылданған күн болып белгіленді.
Осыған орай облыстық тарихи өлкетану мұражайының қызметкерлері «Оңтүстік Қазақстан облысының археологиялық мұралары» атты көрме ұйымдастырды. Археологиялық ескерткіштердің барлық түрінен жәдігерлер қойылып, келушілерге паш етілді. Он күнге жалғасатын шарадағы тарихи жауһарларды осы күні тегін көруге мүмкіндік болды.
Облыстық мұражайға кәсіби мерекені тойламаққа келген археология ғылымының ақтаңдақтары Бауыржан Байтанаев, Александр Грищенко, Александр Подушкиндер осы күні өз әріптестеріне бұл кәсіптің қаншалықты қызықты екенін әңгімелеп берді. Ұлтымыздың тарихын зерттеу үшін шөткемен жер шұқып, тарихты тереңдету мақсатында тер төгіп жүрген археологтар соңғы кездері табылып жатқан ескерткіштер арқылы халқымыздың Ислам дінін қабылдау шағын куәландыратын мұраларды зерттеуде екен. Мамандардың осындай еңбегін бағалаған облыстық тарихи-өлкетану мұражайы кәсіби мерекеде тарихи мұраларды сөйтіп елге көрсетті. Ондағы ешбір зат құнсыз емес. Әрбірі бүкіл бір дәуірдің куәгері һәм баға жетпес асылындай.
Бұл көрмеден мектеп оқушы Аружан Мамырова ерекше әсер алды. Жасөспірім мұндағы археологиялық ескерткіштерге назар салу арқылы бұрынғы заманға тап болғандай әсерде қалғанын жасырмайды. Айтпақшы, Аружан білім алатын Арман гимназиясынан әкелінген жәдігерлер де осы көрмеден орын алған.
Аружан Мамырова, «Арман» гимназиясының оқушысы: «Біз мұнда теорияда оқып-білген дүниемізді көзбен көрдік. Маған осы мұражайға келген сайын қызықты. Себебі, бұл мекенге әр бас сұққан сайын мен ерекше әсер аламын. Осы ретте біздің гимназия мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бірлесіп, достық қатынаста жұмыс істейтінін айтқым келеді. Яғни, білім ордасында өткізілетін тарихи-ғылыми конференцияларда біздер осы мұражайдан археологиялық жәдігерлерді уақытша сұрап алып, білімізді одан әрі шыңдаймыз. Бүгінгі күнмен мен барша мұражай ісі саласында қызмет ететін азаматтарды шын жүректен құттықтаймын».
Мамандар мұражайтану мен археология мамандықтарына түсушілер жыл санап азайып келе жатқанын жасырмайды. Өйткені, қызығынан қиындығы көп іске екінің бірі келе бермейді екен. Сондықтан осындай көрмелер арқылы, кейінгі ұрпақты қызықтырып, патриот болуға шақыруды ләзім көреді.